Белгілі қоғам белсендісі, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың үстінен қозғалған қылмыстық істің тергеуі неге ұзақ уақыт бойы аяқталмай келе жатқаны сұрақ туғыза бастады. Оның ісін әуелі Қаржы мониторингі агенттігі тергеп, кейін прокуратураға тапсырған. Не үшін осылай болғанын және не себепті белсендінің ісі созбалаңға салынып кеткенін Tizgin.kz тілшісі Бас прокуратурадан сұрап көрді.
«ПРЕЗИДЕНТТЕН АРАША СҰРАЙМЫН»
Қаржы мониторингі агенттігі Алмасбек Садырбайдың ұсталғанын былтыр қарашада хабарлаған. Сол тұста агенттік Алмасбек Садырбай өзі басқаратын адамдар тобымен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында «жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды» деген күдікке ілінгенін жеткізген еді. Тергеу органдары осы адамдар тобы ұсақ малдың ұрғашысын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу мақсатында заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтарын тартқанын мәлім еткен.
«Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды. Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған, – делінген қарашадағы хабарламада.
Агенттік ұсталғанын хабарламас бұрын Алмасбек Садырбай әлеуметтік желі арқылы араша сұрап үлгерген-тін.
«Маған қарсы заңсыз әрекеттер жүріп жатыр. Мақсат – мені қолға, қамаққа түсірмек. Құрметті, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, құрметті ҰКҚ төрағасы Ермек Алдабергенұлы Сағымбаев, Антикор басшысы Асхат Жұмағали, сіздердің осы іске араласуларыңызды сұраймын. Өйткені, Алматы облысында әділетсіздік болып жатыр. Маған жала жауып, әріптес, серіктестерімді қамап, заңсыз әрекеттер жүріп жатыр. Құрметті, халқым, сіздердің маған қолдауларыңыз керек, – деген ол үндеуінде.
Жалпы Алмасбек Сабырбайдың ұсталуы қоғамда оны қолдаушылар тарапынан көп шу туғызғанын атап өту керек. Қарапайым шаруалардың мәселесін оның өзі әлеуметтік желіде көтеретін. Әкімдер мен ауыл шаруашылығы министрлігін өткір сынаудан Алмасбек Садырбайдың өзі қорықпайтын. «Бұқпайтын адамды жүйе осылай құртады» деген пікір арагідік айтылып қалады. Десе де, оны «қызыл сызықты аттап кетпейтін белсенді еді» деп атағандар да бар.
ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕЙДІ
Биыл мамыр айының соңында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Алмасбек Садырбайдың ісін прокурорлардың өздері тергеп жатқанын мәлімдеген. Осыған байланысты Бас прокурордың атына Tizgin.kz тілшісі бірнеше сұрақ қойған. Атап айтқанда, Алмасбек Садырбайдың үстінен қылмыстық кодекстің нақты қандай баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу ісі не себепті созбалаңға салынып кеткенін, ол істе онымен бірге қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдар бар-жоғын білмек едік. Алмасбек Садырбай өзіне тағылған айыппен келісіп отыр ма немесе қандай да бір процессуалдық келісімге келді ме? Әлде ол өзіне тағылған айыппен мүлде келіспей ме? Қылмыстық істі қарау процесінде Алмасбек Садырбайдың құқығы бұзылып жатқан жоқ па? Ол тергеу органдарының үстінен шағымданды ма? Қоғамдық ұйым жетекшісі ретінде Алмасбек Садырбайдың ұстанымдары мен белсенділігі қудалануына себеп болған жоқ па деген де сұрақтар жолданған.
Жауап редакцияға Алматы облыстық прокурорының орынбасары А. Күренкейден келді әрі ол қысқа-нұсқа болды.
«Алмасбек Садырбайға және басқа да тұлғалардың үстінен қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағымен, 218-бабының 2-бөлігінің 2 және 3 тармақтарымен, 262-бабының 1-2 бөліктерінде көзделген сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Аталған қылмыстық іс Алматы облысы прокуратурасының ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен тергелуде. Қазір А. Садырбай Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты тергеу изоляторында күзетпен ұстауда отыр», — делінген қысқа жауапта.
Бұдан бөлек мәліметті прокурор қылмыстық кодекстің 201-бабының талаптарына сілтеп бермеді.
АЛМАСБЕК САДЫРБАЙ ЖАЙЛЫ
2025 жылдың қаңтарында Гиперборей арнасында Алмасбек Садырбайдың уақытша оқшаулағыштан жариялаған видеосы пайда болған еді. Онда Садырбай «мен мұнда не үшін отырғанымды білмеймін, сот әділетті шешім қабылдар деген сенімдемін, мен тергеу амалдарының бәрінде серіктесуге дайынмын, маған қорғануға, адал атымды қорғауға мүмкіндік беріңіздер, басқа ештеңе керек емес» дейді Садырбай.
«Менің ісімді 11 тергеуші қарап жатыр екен. Соған таңғалып отырмын. Осы үш айдың ішінде төрт рет менің орнымды ауыстырды. Төрт жерде де арестанттар отырды. Оларға айыптау материалдарының бәрі берілген. Бірақ менікінде санкцияға алу туралы үш қағаз ғана бар. Мен қоғамдық белсенді болғаным үшін шулы іс еткісі келеді. Менен басқа ештеңе таппайсыздар. Мені ешкім алаяқ деп атап көрсетпейді», — дейді ол видеода.
Былтырдан бері оны қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Tizgin.kz тілшісі Алмасбек Садырбайдың қызына қоңырау шалғанда ол тергеу мәліметтерін жариялай алмайтынын айтты.
Агросалада Алмасбек Садырбай есімі белгілі адам. «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы, агросарапшы ретінде ол саладағы мәселелерді ашық айтып, ылғи қоғам назарында жүреді.
Ашық дереккөздерде оның Орталық Азия университетін «экономика» мамандығы бойынша бітіргені жазылған. Алмасбек Садырбаев Алматы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы, 2017 жылдан бастап Гэмпшир, Суффолк және ет мериносы тұқымдарының етті бағыттағы қойларының республикалық палатасының төрағасы болған. 2018 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарса, 2019 жылдан бастап Алмасбек Садырбай Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарған.