КТК Украинаға қарсы халықаралық сотқа шағым түсіреді

Украинаның дрон шабуылдарынан Каспий құбыр консорциумына (КТК) келген жалпы шығын 2,7 миллиард рубльді құрады, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.

Каспий құбыр консорциумы (КТК) биылғы ақпан-наурыз айларында болған дрон шабуылдарынан кейін Украинаға қарсы халықаралық сотқа шағым түсіру процесін бастады. Бұл жөнінде КТК басшысы Николай Горбань Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында РИА «Новости» агенттігіне хабарлады.

«Бізде нақты халықаралық құқықтық мәртебе жоқ, сондықтан халықаралық сотқа тікелей шағымдана алмаймыз. Алайда шағым түсірудің арнайы тәртібі бар, біз сол процедураны бастадық», – деді КТК басшысы.

Николай Горбань сот процесінің нақты мерзімін атай алмады, себебі мұндай тәжірибе КТК тарихында алғаш рет кездесіп отыр.

Сонымен қатар компания басшысының айтуынша, Украина әзірге Қазақстанның «Кропоткин» станциясына жасалған шабуыл бойынша жолдаған ресми сауалына жауап бермеген.

«Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің жауабын өздеріңіз де естідіңіздер: украин тарапынан жауап әлі түскен жоқ. Ондай жағдайда қандай кепілдік туралы айтуға болады? Директорлар кеңесінің отырыстарында барлық акционерлер бұл шабуылдардың азаматтық нысандарға қарсы жасалған террорлық әрекет екенін және мұндай қадамдардың жол берілмейтінін айтты. Айта кетейін, дрондардың ұрыс бөліктері жарылғыш элементтермен жабдықталған, олар тек нысанды зақымдауды емес, біздің қызметкерлерімізді де өлтіруді көздеген тәрізді. Абырой болғанда, біздің мамандар дер кезінде әрекет етіп, адам шығынын болдырмады», – деп келтіреді Горбаньның сөзін ТАСС агенттігі.

Оның айтуынша, украин дрондарының шабуылынан КТК-ға келген жалпы шығын көлемі 2,7 миллиард рубльге жеткен.

2025 жылғы 17 ақпанға қараған түні Краснодар өлкесіндегі «Кропоткин» мұнай айдау станциясына жеті дрон шабуыл жасаған. Нысан қатты зақымданған: трансформаторлар, газтурбиналық қондырғы, тарату құрылғылары мен кабельдік эстакадалар бүлінген. Осыған байланысты Теңіз кен орнынан Новороссийск портына қарай мұнай тасымалы апатты режімге көшірілген. «Кропоткин» станциясы тек мамыр айының соңында қайта іске қосылды.

Ал наурыз айында украин дрондары «Кавказская» мұнай айдау станциясына да шабуыл жасап, оны түгелге жуық жойып жіберген. Қазір станцияның иесі қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.