Жемқорлардан қайтарылған: миллион теңгелік қылыштар аукционға шықты

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы қымбат қылыштар мен пышақтарды аукционға шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.

Аукцион сайтында қылыштар мен қанжарлар саудаға шығарылды. Олардың алды 70-80 мың теңгеден басталса, қымбаты 1 миллион теңгеден асады. Қымбат қылыштардың кейбірі сары жезден соғылып, сабына әдемілеп ою-өрнек түсірілген.

Аукцондағы заттардың ішінде қымбат қанжарлар да бар. Қап тауының мәнеріндегі қанжардың біреуінің құны 171 мың теңге. Кейбірінің бағасы 500 мың теңгеге дейін барады.

Кейінгі жылдары мемлекетке заңсыз жолмен шығарылған мүліктер мен қаражаттарды қайтару үдерісі жиілеп келеді. Осы орайда қайтарылған активтерді тиімді әрі ашық басқару міндеті арнайы құрылған Қайтарылған активтерді басқару компаниясына (қысқаша — ҚАБК) жүктелген.

Аталған компанияның негізгі қызметі – елге қайтарылған мүліктер мен қаражаттарды есепке алып, оларды сақтау, тиімді пайдалану және қоғам игілігіне жарату. Мысалы, шетелден немесе ел ішінен қайтарылған пәтерлер, кәсіпорындар, жер телімдері, көліктер, ақша қаражаттары және басқа да активтер алдымен арнайы тіркеуге алынады. Кейін олар уақытша пайдалануға беріледі немесе аукцион арқылы сатылып, одан түскен қаражат мемлекеттік бюджетке аударылады.

Кейбір әлеуметтік маңызы бар активтер – мектеп, аурухана, балабақша ғимараттары секілді нысандар – халықтың игілігі үшін тегін берілуі мүмкін. Бұл ретте компания барлық әрекетін қоғамға ашық көрсетіп, есеп беруге міндетті.