Бағдарлама бюджет тапшылығына байланысты 2024 жылы тоқтап қалған, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.
ОЛ ҚАНДАЙ БАҒДАРЛАМА ЕДІ
Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2023 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жас кәсіпкерлерге микрокредит (жылдық 2,5 % мөлшерлеме) беру құралын енгізген. Аталған бағдарламаның операторы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның келісуімен кепілге алынатын мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілген.
2,5 ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕ НЕ ҮШІН БЕРІЛДІ
Жастарға жеңіл несиені алу үшін кепілдік ретінде республикалық маңызы бар қалалардағы, облыстық маңызы бар қалалардағы, аудан орталықтарындағы, облыстық және аудандық бағыныстағы қалалардағы, сондай-ақ ауылдардағы жылжымайтын мүлік үшін, жеке меншік құқығындағы, бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері, жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар жер учаскелері, бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері, мамандандырылған техника алынған.
Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылы жалпы сомасы 26,4 млрд теңгеге 5658 микрокредит, оның 64,6 %-ы (3656 микрокредит) ауылды жерлерде, ал 35,4 %-ы (2002 микрокредит) қалаларда берілген. Негізгі үлес мал шаруашылығына (54,8 %) тиесілі болған. Қызмет көрсету саласы (32,9 %), сауда (6,9 %), жеңіл өнеркәсіп (3,8 %), өсімдік шаруашылығы (1,1 %) және қайта өңдеу (0,5 %) бағыттары қамтылған.
2024 жылы республикалық бюджеттің тапшылығына байланысты микрокредиттеуге қаражат қарастырылмады, — делінген Бектеновтің депутаттарға берген жауабында.
ҚАЙТА ЖАЛҒАСАДЫ
Бектеновтің берген жауабында жастарға микрокредиттер беру 2022 жылдан бастап ұқсас шарттармен іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалғасатыны жазылған. «Бұл жоба бойынша да ауылдық елді мекендердегі жылжымайтын мүлік кепілдікке алынады» дейді Бектенов.