Премьер-министр Олжас Бектенов моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кеңес Қарағанды облысында өтті, ол жерге премьер жұмыс сапарымен барды. Жиында Президенттің тапсырмасын ескере отырып, моноқалаларды дамытудың жаңа тәсілдері қаралды. Белгілі болғандай, Екібастұз енді моноқала болмауы мүмкін.
«Мысалы, қазіргі уақытта Екібастұз экономикалық құрылымы әртүрлі, көпсалалы қалаға айналуда. Яғни, ол үшін моноқала мәртебесі өзекті емес», – деді премьер Олжас Бектенов.
Ол жаңа инфрақұрылымдық саясатты қалыптастыру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды және моноқалаларға инвесторларды тартуды «ең басты міндет» деп атады.
«Біз әрине әрбір қалада аурухана, мектеп, стадион және басқа да әлеуметтік нысандар сала аламыз, бірақ жұмыс болмаса, ешкім ол жақта тұрмайды. Сондықтан инвесторлар тартуымыз керек, оларға қажетті жағдай жасау қажет. Оларға бос тұрған ғимараттарды, жер телімдерін ұсынып, жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау керек. Егер мұндай тәсіл болмаса, онда ешқандай даму болмайды. Сондықтан ең басты мәселе – инвесторлар тарту. Біз қазір Саран, Екібастұз және басқа қалаларда нәтижелер бар екенін көріп отырмыз, бірақ бұл бағытта белсендірек жұмыс істеу керек», – деді Олжас Бектенов.