Бегімовтер отбасы Алматы облысында жоғалып, әлі табылмай жатқан тікұшақтағы туысына сұрау салып, үндеу жасады.
«Жоғалып кеткен ұшақтың ішінде үш адам болған. Олардың ішінде біздің туысымыз Бақтияр Ержігітов те бар. Осы трагедияға қоғам мен мемлекеттік органдар назарын бұрса дейміз. Олар жоғалып кеткеніне аз уақыт өткен жоқ, бірақ содан бері отбасы ресми түрде не бір түсініктеме, мәлімет алған емес. Біз әр минутта алаңдап отырмыз. Біздің жоғалған туысымызды туған-туыстары, әйелі мен балалары күтіп отыр. Біздің іздеу жұмыстарынан да хабарымыз жоқ. Осы мәселеге назар аударса дейміз. Біз тек шындықты білгіміз келеді», — дейді Гүлден Бегімова.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың 25 шілдесінд әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы жоғалып кеткен еді. Кейін ТЖМ Сорбұлақ су қоймасының аймағында ұшақтың фрагменттері табылғанын хабарлаған. Қорғаныс министрлігі бүгін іздеу тәулік бойы жалғасып жатқанын хабарлады.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Сорбұлақ су қоймасы ауданында ауқымды іздестіру-құтқару операциясы тәулік бойы, күшейтілген режимде жалғасып жатыр. Операцияға 400-ге жуық адам, 70-тен астам жер үсті техникасы, 21 жүзу құралы, 10 ҰҰА, эхолоттар, су асты сканерлеу құралдары, сондай-ақ кинологиялық есептоптар тартылған.