Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандықтың себебі сотта айтылды, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі.
Бүгін прокурор атышулы іске қатысты басты уәжді жария етті7 Іс материалдарына сәйкес, 21 сәуір күні айыпталушы Ернар Жиенбай Шымкент қаласы құрылыс басқармасының салынып жатқан нысандарды бақылау бөлімінің басшысынан ақпарат алған. Ол Жиенбайға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің тапсырмасы бойынша «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы қызметінен өз еркімен кетуі керектігін хабардар еткен.
Осыдан кейін, айыптау тарапының мәліметінше, Ернар Жиенбай қатты эмоциоялық күйзеліс жағдайында дүкенге барып, бір бөтелке алкоголь сатып алып, оны ішеді. Артынша үйіне барып, аңшы мылтығын әкеледі. Сол күні кешкісін ол қала әкімдігі ғимаратына келіп, әкімнің орынбасарын күтіп тұрған. Руслан Берденовті көрген сәтте оған бес рет оқ атқан. Шенеунік жерге құлаған соң, Жиенбай бақылау үшін тағы бір рет атпақ болған.
Алайда Руслан Берденов алған жарақаттарына қарамастан қарсылық көрсеткен. Дәл сол сәтте әкім орынбасарының жүргізушісі араласып, көлігімен шабуыл жасаушыны қағып өткен.
Резонансты іс бойынша басты сот отырысы 6 тамызға белгіленді. Сотқа Руслан Берденовтің өзі де қатысуы міндеттелді.