Кеше марафоншы, «Алға, Қазақстан» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Марат Жыланбаевтың жағдайы түзеу мекемесінде күрт нашарлады деген ақпарат тараған. Tizgin.kz осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне хабарласып, марафоншының адвокаты Мейіржан Досқараевпен тілдесіп көрді.
САЛМАҒЫ АЗАЙЫП КЕТКЕН
Марафоншының денсаулығы күрт нашарлағанын белгілі құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жеке парақшасына жазып, дабыл қаққан еді. Оның мәліметінше, Жыланбаев жартылай ес-түссіз күйде, өздігінен жүре алмай қалған, салмағы шамамен 45 келіге дейін азайған. Төреғожина Жыланбаевтың түрі қара қошқыл тартып, жағдайы тым ауыр деп сипаттаған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетін сынға алған.
КОМИТЕТ НЕ ДЕЙДІ
Осы ақпарат тарағаннан кейін Ішкі істер министрлігіне қарасты қылмыстық атқару комитеті түсіндірме беріп, сотталған Марат Жыланбаев үкіммен келіспеуіне байланысты тамақ ішуден бас тартатыны жөнінде өтініш бергенін растайды. Алайда бейнабақылау камераларындағы жазбаларға сәйкес, «ол су, шай және компот ішіп жүргені байқалады» деп қосады. Таңертең марафоншының дене жаттығуларымен айналысатынын атап өтеді.
«Оның денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Сотталған азамат үнемі медициналық қызметкерлердің бақылауында. Кейбір жарияланымдарда оның салмағы 45 келі делінген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жыланбаевты Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы, қадағалау органдары мен адам құқықтарын қорғау ұйымдарының өкілдері бірнеше рет жеке қабылдаған. Оған Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің түсіндіру хаты жолданған. Сотталған адам тарапынан ешқандай шағым немесе өтініш келіп түскен жоқ. Жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылатынын ескертеміз және ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз», — деп хабарлайды қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.
Бақытжан Төреғожина комитеттің бұл ақпаратына сене қоймай, Марат Жыланбаевтың фотосуретін жариялауды талап етіп отыр.
ЖЫЛАНБАЕВ НЕ ҮШІН НАРАЗЫ
Tizgin.kz тілшісі Марат Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараевпен телефон арқылы сөйлесті.
– Менде Марат Жыланбаевтың 45 келі болып қалғаны туралы мәлімет жоқ. Болса болып та қалған шығар. Өйткені қаншама күннен бері ешқандай тамақ ішіп жатқан жоқ. Ол 45 күн аштық ұстады да, бір тоқтатып, бес күннен кейін тағы да жариялады. 17 шілдеде менің әріптесім Маратқа барып қайтқан. Сол адвокаттың айтуынша, оның жағдайын ешкім тексерген емес дейді. Мүмкін өздерінше сол жердегі басшылар таразыға тартып көрген шығар, бірақ ондай мәлімет менде жоқ.
– Өзіңіз соңғы рет Марат Жыланбаевқа соңғы рет қашан бардыңыз?
– Шілденің 8 күні барып қайтқанмын.
– Марат Жыланбаев не себепті аштығын тоқтатпай отыр?
– Ең бастысы, үкіммен келіспейді, екіншіден ол жерде оған ешқандай жағдай жасалып жатқан жоқ. 2024 жылы ҚАЖД-ның бұрынғы бастығы Марат Жыланбаевтың сұрауымен сурет салатын бояуды, токарьлы станоктың құралдарын да кіргізіп, жұмыс істеуіне рұқсат берген. Мараттың өзі 4-ші дәрежедегі токарь. Сонысы тоқтап қалды. Одан бөлек, жүгіруге рұқсат бермеді. Түрмеде жүгіретін 60 шаршы метрлік алаң бар. Аз ғана жер ғой. Соған жүгіртпей қойған. Маратты сылтау қылып, түзеу мекемесінде отырғандардың өзі темірден жасаған штанга, гірлерін, спорт құралдарын маусымда екі көлікке тиеп алып кеткен. Спортпен айналысуын шектеген. Сол үшін Марат Жыланбаев наразылығын білдіріп жатыр.
Оның үстіне менімен хабарласуға рұқсат бермейді. Бір-ақ рет сөйлестім. Одан кейін маған таксофонмен қоңырау шалады – ала алмайды. Не кедергі екені белгісіз. Не үшін екені мен де білмеймін. Өздері ішінен бұғаттап тастаған шығар деп күдіктенеді. Мен адвокаты болған соң менімен сөйлесуге құқығы бар. Бірақ қазір ол маған хабарласа алмай отыр.
МАРАТ ЖЫЛАНБАЕВ
Марат Жыланбаев әлемнің ең ірі шөлдерін жүгіріп өткен жалғыз адам. Ол жеті әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Жер шарының ең ірі шөлдері – Азия, Африка, Аустралия және Америкада жүгірген. Оның әрбір жүгірісі кем дегенде 1200 шақырымды құрады. Халықаралық ультрамарафон жарыстарының жеңімпазы және жүлдегері.
Марат Жыланбаев қамауға алынғанға дейін оппозициялық партияны тіркетуге талпынып, мәжіліс сайлауына қатысқан. 2023 жылы қарашада Астана соты оны “экстремистік ұйымды қаржыландырды және оның қызметіне қатысты” деген айыппен жеті жылға соттаған.
Марат Жыланбаев бұған дейін де бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін оны босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған.