Жүлде қоры – 25 млн теңге: Қазақстанда AI-таланттардың байқауы өтеді
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Қазақстанда ұлттық alem.ai battle байқауына өтінім қабылдау басталды, деп жазады Tizgin.kz.
Бұл – Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі AI-таланттарды қолдауға және дамытуға бағытталған ауқымды бастама. Байқаудың финалдық кезеңі Астанада орналасқан alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өтеді.
Өтінімдер 2026 жылғы 22 ақпанға дейін мына сілтеме бойынша қабылданады.
Министрлік alem.ai battle оқушыларды, студенттерді, стартап-командаларды және зерттеушілерді бір алаңға тоғыстырып, AI-жобалардың прототиптен бастап толыққанды технологиялық шешімге дейін жүйелі түрде дамуына мүмкіндік беретінін хабарлайды.
Байқау төрт негізгі санат бойынша өтеді:
- AI Young Talents – жұмыс істейтін MVP деңгейіндегі AI-жобалары бар 12-18 жас аралығындағы мектеп оқушылары;
AI Driving Power – жұмыс істейтін MVP деңгейіндегі AI-жобалары бар колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері;
AI Future Builders – AI-өнімі мен прототипі немесе MVP-сі бар, нарықта дәлелденген трекшні (ақылы пилоттар, сатылымдар) бар командалар;
AI Innovators – жасанды интеллект құрамдас бөлігі бар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға негізделген жобалар.
Байқаудың жалпы жүлде қоры 25 млн теңгені құрайды. Іріктеу нәтижесінде финалға 20 үздік команда жолдама алады. Қорытынды кезеңде сарапшылар алқасы әр санат бойынша төрт жеңімпазды анықтайды.
alem.ai battle еліміздегі AI-таланттар мен әлеуеті жоғары жобаларды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болып табылады. 2025 жылы Digital Bridge халықаралық форумы аясында өткен AI SANA: Generative Nation ұлттық байқауы қазақстандық қатысушылардың жоғары деңгейін және отандық AI-жобалардың жетілгенін көрсетті.