БілімЕрекше

ЖОО гранттары қысқарып, бәсеке күшейеді – депутат

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Tizgin.kz тілшісіне берген жауабында мемлекеттік гранттардың азаятынын айтты.

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Жолдауында Үкімет әлеуметтік саладағы ақылға қонымды шешімдердің орнына кемі он бес жыл бойы әлеуметтік масылдықты, әлеуметтік алаяқтықты қолдап келді деп сынаған еді. Артынша, премьер-министр Олжас Бектенов те әлеуметтік саладағы шығындарға тексеру жүргізуді тапсырды. Бұл жағдайда мемлекет мыңдап бөліп отырған гранттар қысқара ма? Бұл сұрақты Tizgin.kz тілшісі депутат Ерболат Саурықовқа қойып көрді.

Депутаттың сөзінше, жыл сайын бакалавриат, магистратура, доктарантураға 98 мың грант бөлінеді. Былтырғы жыл бітіруші түлектер 186 мың болған. Ал бір орынға екі-ақ адам таласқан. Сонда грант көбейген сайын балалардың мамандық емес, грантты таңдауы көбейіп кеткен.

«Мемлекеттік гранттарды азайту керек. Ол туралы мен өзім де бірнеше сұхбаттарымда айтқан едім. Ғылым және жоғары білім министріне де айтқанмын. Менің ойымша, гранттарды азайту керек. Бәсекелестік деген бір орынға 5-10 адамнан болады. Грант көбейген сайын балалардың мамандық емес, грантты таңдауы көбейіп жатыр. Оның үстіне Президент айтты ғой. Балалар оқиды, бірақ 40 пайыз ғана жұмысқа барады. Солардың 60 пайызы – мамандық емес, грант таңдағандар. Оқу-білім саласындағы, содан әлеуметтік саладағы гранттарды азайту керек. Біз 70 пайыз әлеуметтік мемлекетпіз. Қаржының 70 пайызы әлеуметке кетеді. Сондықтан мұны 50 пайызға дейін түсіру керек. Халық жұмыс істеу керек. Оқу керек, білім іздеу керек. Алдағы уақытта мемлекеттік гранттар азаяды», – деді депутат.

Back to top button