
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзіне қатысты сотқа келмей, әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
БЕРДЕНОВ НЕ ДЕЙДІ
Руслан Берденов жазбасында қазір денсаулығына және бес жерінен тиген оқ жарақатынан кейін оңалту кезеңінен өтіп жатқанына байланысты сот отырыстарына жеке қатыса алмайтынын жазды. Алайда сот процесін және оған қатысты ақпараттық кеңістіктегі ахуалды мұқият бақылап отырғанын білдірді. Жазбасымен қоса, денесінде аңшы қаруынан қалған оқтар түсірілген медициналық құжатты да көрсетті.
Сотта жауапкер Жиембай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл тек қана шантаж және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ. Кейінірек ол өкілдерімен бірге менің қорғаушыларыммен байланыс орнатуға тырысып, «достасуды» ұсынды. Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда «ақпараттық жарылыс» жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын. Мен қандай да бір қысым мен арандатуға жол бермедім, – дейді ол.
Берденов сонымен қатар, бастапқы ұстанымым өзгермегенін алға тартты. Сөзінше, қақтығыстың түп-төркіні – кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмей, есеп беруден жалтарған. Берденов тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еткенін жазады.
“Ал қоғам назарын «қызғаныш», «жеке қатынас», «жұбайы» секілді жалған себептерге бұру – манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын. Бұдан да сорақысы – бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын. Менің ұстанымым – өзгермейді. Депутаттық өкілет мерзімі аяқталған соң да, мемлекетке адал қызмет ету жолынан тайған жоқпын. Соңғы үш жылымды осы жолға арнадым. Қала әкімінің шақыруымен әкімдікке келіп, ашық, адал жұмыс істеуге, халыққа шынайы көмек көрсетуге күш салдым, – дейді ол.
ЖИЕМБАЙДЫҢ ІСІ
Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында “қастандық жасалып”, оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз. Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.
Бұған дейін прокурор “күдікті өзінің жұмыстан айырылатынын білгеннен кейін “кек алу” мақсатында оқ атты” деп айтқан еді.
Ернар Жиембай сотта өзіне тағылған “адам өлтіруге оқталу” бабымен келіспейтінін, аңшы мылтығымен шенеунікті әншейін қорқытқысы келгенін, өлтіруге оқталмағанын айтты. Ол Берденов” намысыма тиді, ауыр сөздер айтты” деп әйеліне деген қызғаныштан оқ атқанын айтады.