ЕрекшеТергеу

Жетісуда әкімнің орынбасары сотталды

Арқарлы кентінде электр желілерін салу және қайта жаңғырту жұмыстары барысында аудан әкімінің орынбасары аяқталмаған жұмыстардың есептерін бекітіп, нәтижесінде бюджеттен 189 млн-нан астам қаражат заңсыз аударылған, деп хабарлайды Tizgin.kz kaztag.kz-ке сілтеме жасап.

КІНӘСІ ТОЛЫҚ ДӘЛЕЛДЕНДІ

Мұның алдында ресми мәліметпен Бас прокуратураның баспасөз қызметі бөлісті.

«Алакөл ауданының Арқарлы ауылында электр желілерін салу және қайта жаңғырту кезінде аудан әкімінің орынбасары қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, іс жүзінде орындалмаған жұмыстар туралы актілерге қол қойған. Нәтижесінде бюджет есебінен 189 млн-нан астам сома заңсыз аударылған. Мемлекеттік айыптау ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы (ауыр салдарға әкеп соққан қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша қылмыс жасаған лауазымды тұлғаның кінәсін толық дәлелдеді», – делінген хабарламада.

ҚАНДАЙ ЖАЗАҒА ТАРТЫЛДЫ

Алакөл аудандық сотының үкімімен аудан әкімінің орынбасары мүлкін тәркілемей, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Back to top button