Кәрі әкесін ұрған ер адам сотталды: прокурорлар үкімге қарсы шықты
Түркістан облысының прокуратурасы егде тартқан әкесін ұрған ер адамға шыққан үкіммен келіспей, апелляциялық наразылық білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Түркістан облысында Жетісай аудандық сотының 2026 жылғы 16 қаңтардағы үкімімен әкесін жүйелі түрде ұрып-соғып келген ер адам 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
“Сот үкімімен келіспеген Шардара ауданының прокуратурасы жазаны қатаңдату туралы өтінішхатпен апелляциялық наразылық келтірді. Наразылық заңда белгіленген мерзімдерде сотта қаралады”, – деп хабарлайды прокуратура.
Бір апта бұрын Түркістан облысында “егде тартқан әкесін ұрды” деп айыпталған ер адам 5 жылға түрме жазасына кесілді. Жетісай ауданының соты А.С. есімді ер адамды Қылмыстық кодекстің “Қасақана денсаулыққа орташа зиян келтіру” және “Қинау” баптарымен айыпты деп тапқан.
Тергеу құжаттарына қарағанда, А.С. 2025 жылы мамырда ауыр дертке шалдыққан әкесін қолына алған. Бірақ сол жылы тамызда әкесінің қауқарсыздығына ашуланып жиі ұра бастаған. Сот ер адамның әкесін кемі үш рет ұрғанын анықтаған.
Қыркүйекте А.С. мен әйелі қарт адамды ұрып жатқанын көршісі видеоға түсіріп алып, желіге жариялап жіберген еді. Бұл қоғамда резонанс тудырған. Ал соққыдан кейін 70 жастағы егде адамның жағдайы нашарлап, көз жұмған.
Сот-медицина экспертизасы егде адамның қабырғасы сынғанын, денесінде көп жарақат болғанын анықтаған еді.
15 қаңтарда соттағы соңғы сөзінде А.С. кінәсін мойындап, “өмір бойы өкініп өтетінін” айтып, елден кешірім өтінген. Прокурор күдіктіні 6 жыл 2 айға соттауды сұраған еді.
Егде тартқан адам қайтыс болған соң А.С. мен әйелі де күдікке ілінген. Зейнеткердің келінінің үстінен “Ұрып-соғу” бабы бойынша іс қозғалып, бірақ дәлел болмаған соң іс жабылған.