
Қазақстанға Түркиядан жеті жыл бойы тергеуден бой тасалап жүрген бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкері экстрадицияланды. Оған трансұлттық қылмыстық топқа қатысу, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану бойынша күдік келтіріліп отыр, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасы.
«Тергеу деректері бойынша, 2015–2016 жылдары күдікті Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік органдардың бірінде басшылық қызметте жүріп, заңсыз ойын бизнесіне қамқорлық жасағаны үшін жүйелі түрде ақшалай сыйақы алып отырған», – делінген хабарламада.
Ол қашқан сәттен бастап халықаралық іздеуде болды. 2024 жылдың қаңтарында Измир қаласында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды. Ер адам қамауға алынып, тергеу изоляторына қамалды.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа қатысушыларына қазірдің өзінде нақты жаза тағайындалған. Мұндай қылмыстар үшін 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған.