Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жедел жәрдем қызметін қаржыландыруды ұлғайту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz kaztag.kz-ке сілтеме жасап.
ҚҰЖАТТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН
«Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатта тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жедел жәрдем қызметін қаржыландыруды арттыру: алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарының жұмыс уақытынан тыс төртінші санаттағы жедел жәрдем шақырулары бойынша шығындарды өтеу тарифтері бір тіркелген адамға 340-тен 360 теңгеге дейін көтерілді деп жазылған.
«Бұл жедел жәрдем қызметтері ресурстарын күшейтіп, азаматтардың өтініштеріне тезірек әрекет етуге мүмкіндік береді», – делінген ақпаратта.
МИНИСТРЛІК МӘЛІМЕТІ
Денсаулық сақтау министрлігі дерегінше, өзгерістер жедел жәрдем қызметінің шақыруларына бұрынғыдан жылдам жауап беруді, пациенттерге көрсетілетін көмек сапасын арттыруды және жедел жәрдем бригадаларына түсетін жүктемені тиімді бөлуді көздейді.
«Осылайша, тарифтің өсуі жедел жәрдем қызметінің жұмысын тиімдірек етіп, медициналық көмекті қазақстандықтар үшін қолжетімді әрі дер кезінде көрсетілетін деңгейге жеткізеді. Министрлік әрбір шақыртуға уақтылы кәсіби көмек көрсетілуі үшін шұғыл медициналық көмекті дамытуды жалғастырады», – делінген жоба мәтінінде.