Әуезов аудандық қорғаныс істері басқармасының басшысы Руслан Бітікбаевтың айтуынша, психикалық және онкологиялық аурулар міндетті әскери қызметтен босату себебі болуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
БІТІКБАЕВ БРИФИНГТЕ НЕ АЙТТЫ
Оның сөзінше, Қазақстанда 18 бен 27 жас аралығындағы жастар әскерге шақырылады. Осы жастағы барлық ер азамат шақыртылуға тиіс. Дегенмен, кейбір аурулар әскери қызметке жарамсыздыққа негіз бола алады. Бітікбаев №716 және №722 бұйрықтарына сілтеме жасады.
«Бұл ауыр, созылмалы, психикалық, онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі және басқа да әскери қызметке жарамдылығын шектейтін аурулар», — деді Бітікбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте.
Сонымен қатар, эндокриндік жүйе аурулары, қан аурулары мен иммунитет бұзылыстары, нашар көру немесе есту, тыныс алу мүшелерінің аурулары (астма, ХОБЛ), сүйек-бұлшықет, несеп-жыныс жүйесі, ас қорыту органдары аурулары және ауыр жұқпалы аурулар, оның ішінде туберкулез де әскери қызметтен босатуға себеп болуы мүмкін.
ОТБАСЫЛЫҚ ЖАҒДАЙ ДА ЕСКЕРІЛЕДІ
№716 бұйрығына сәйкес, шақырылушының жарамдылығы туралы шешімді әскери дәрігерлік комиссия (ӘДК) шығарады. Соңында азаматқа «әскери қызметке жарамсыз» немесе «бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз» деген категория тағайындалады (шақыртылушылар үшін бұл әскерге шақырылмайтынын білдіреді).
Сонымен қатар, шақырылушының әскери борышын өтеуі 3-6 айға (барлығы бір жылға дейін) кейінге шегерілуі мүмкін. Бұған денсаулық жағдайы, оқу, отбасылық жағдай немесе кәсіби қызметі себеп болмақ.