«Жарық жоқ, ет бұзылып жатыр». Атырау тұрғындары жарықтың жиі сөнетініне шағымданды
Атырау қаласындағы Сарыөзек шағынауданы тұрғындары электр жарығының жиі ажырауына байланысты шағымдануда. Айтуларынша, бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді, деп хабарлайды Tizgin.kz «31 арна»-ға сілтеме жасап.
ТОҚ СОҒУЫ МҮМКІН
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жарықтың жиі өшуіне ескірген трансформаторлар мен тозығы жеткен электр желілері себеп.
– Сымдар шарбақтың үстінде салбырап тұр. Егер бала өтіп бара жатса, тоқ соғуы мүмкін. Жарық жоқ, ет пен азық-түлік бұзылып жатыр, – дейді Сарыөзек тұрғыны Анаргүл Максот.
Тұрақсыз электрмен жабдықтау салдарынан тұрмыстық техника күйіп жатыр. Кейбірі несиеге алынған.
– Мұздатқыш екі жыл қатарынан істен шықты. Біреуі өткен жылы күйіп кетті, қымбат болған байланысты жөндетпедік. Жаңа тоңазытқыш сатып алдық, қазір соның несиесін төлеп жатырмыз. Бірақ ол да жұмысын тоқтатты. Бәрі – жарықтың тұрақсыздығынан, – дейді тағы бір тұрғын Әлия Құрманбаева.
ЖҰМЫСҚА ҚАЙ МЕКЕМЕ ЖАУАПТЫ
Жергілікті билік бұл мәселеден хабардар екенін айтады. Қала бойынша электр желілері жаңартылып жатыр. Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, жыл соңына дейін жұмыстар толық аяқталады.
– Қазір қалада заманауи электр желілері тартылып жатыр. Сарыөзек шағынауданында тұрғын үйлердің электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарын «Айком» ЖШС жүргізуде. Бүгінде оның 80 пайызы аяқталды, – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Ғасыр Төлеген.
Алайда тұрғындар бұл уәделерге сенуден қалған. Себебі олардың айтуынша, бұған дейінгі әкім есептерінде де дәл осындай мәлімдемелер жасалған, бірақ мәселе әлі күнге дейін шешілмеген.