Журналист Жанар Нұртазина баланы батареяға байлап, бар күшімен соққан әйелдің видеосын таратты. Айтуынша, видеоны жылап жатқан баланың әкесі түсіріп жіберген, ал сабап жатқан әйел – баланың анасы, деп жазады Tizgin.kz.
“Баланы асырауға психикаларың шыдамай ма, тумандаршы айналайындар!!! Ересек екі ақымақтың кесірінен, неге сәби зардап шегу керек?! Қазір қажетті органдарға видеоны жіберіп қойдым”, – деген балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны белгіледі.
Заңгер Жанерке Кеңесбаева зорлық-зомбылық фактісі бойынша Жетісу облысы Панфилов ауданы Полиция басқармасы қауіпсіздік қызметі бөлімінің бастығы Абай Қайыпбай өзіне хабарласқанын айтады.
“Менің тарапымнан жолданған хабарлама негізінде видеода бейнеленген кәмелетке толмаған баланың анасы және бейнежазбаны түсіріп тұрған әкесі Панфилов ауданы Полиция басқармасына жеткізілді. Қазір аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тергеу амалдары жүргізіліп жатыр” дейді ол.
Полиция бұл оқиға жөнінде әзірге ақпарат таратқан жоқ.