Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Еділ Байсалов ел президенті Садыр Жапаров пен мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Қамшыбек Тәшиевтің қарым-қатынасы жөнінде пікір білдірді. Оның айтуынша, соңғы бес жыл бойы президент Садыр Жапаровтың мемлекеттік басқару жүйесін өзінің ең жақын серігі Қамшыбек Тәшиевпен тығыз өзара іс-қимыл арқылы қалыптастырып келе жатқаны ешкімге құпия болмаған. Байсаловтың пікірін Кактусмедиа талдап жазады.
Еділ Байсаловтың сөзінше, мемлекеттік маңызы бар бірде-бір маңызды шешім бірлескен кеңессіз және алдын ала талқылаусыз қабылданбаған. Бұл – саналы түрде құрылған ортақ жауапкершілік моделі еді. Айта кету керек, бұл модель ішкі және сыртқы көптеген бақылаушыларды таңғалдырғандай, осы жылдар бойы айтарлықтай берік сақталды.
“Әбден қалыптасқан осы басқару тәртібі мен шешім қабылдау моделі алдағы уақытта да халық игілігіне қызмет ете алар еді. Генерал Тәшиевтің президентке бірнеше мәрте әрі ашық түрде қолдау білдіргенін бәріміз жақсы білеміз. Ол мемлекет басшысының бағытын қолдайтынын, оның кезекті сайлауда кандидатурасын ұсынуын қолдайтынын тікелей мәлімдеп, қолданыстағы президенттің бастаған реформаларын жалғастыруға толық конституциялық құқығы бар екенін атап өтті. Бұл мәлімдемелер айқын, екіұшты емес және жария түрде жасалды», — деді вице-премьер.
Алайда, оның айтуынша, кейінгі айларда бірқатар жауапсыз элементтер, «саяси сахнадан кеткен ардагерлер» мен «саяси банкроттар» халық генералының атын жамылып, өздерін тарих жасаушы тұлғалардай сезіне бастаған. Өздерінің жеке мақсаттарын көздей отырып, олар Тәшиевтің атынан сөйлеп, билікке жеке талпыныстар мен алдағы билік ауысуы жөнінде «қабылданып қойған шешімдер» бар дегендей әңгімелерді белсенді түрде тарата бастаған. Осылайша, астыртын текетірес пен белгісіздік ахуалын қалыптастырған. Дәл солар көп жыл бойы тұрақтылықты қамтамасыз етіп келген тепе-теңдікті шайқалтқан. Соның салдарынан қауіпті екіұштылық пайда болып, қоғамда «қос билік» бар деген сөздер, мерзімінен бұрын сайлау өткізу қажеттігі және қазіргі биліктің легитимділігіне күмән келтіретін пікірлер тарай бастаған.
«Дәл осы арандатушылар мен олардың ашық амбициялары Садыр Жапаров пен Қамшыбек Тәшиевтің арасына сызат түсірді. Бұл жағдай тұтас қоғам мен мемлекеттің жіктелуіне қауіп төндірді. Мемлекет үшін мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Билік нақты, Конституциямен айқындалған әрі жауапкершілігі бір орталықта шоғырланған болуы тиіс. Президент Садыр Жапаров Қырғыз Республикасының халқына және Конституциясына адал қызмет етуге ант берді. Оның ең жоғары міндеті — мемлекеттің бірлігін қамтамасыз ету, тұрақтылықты сақтау, Конституцияның үстемдігін кепілдендіру және билікті қандай да бір түрде заңсыз иемденуге жол бермеу. Біз өткеннің қателіктерін қайталамауымыз керек. Бұрын маңызды мемлекеттік шешімдер жеке достыққа немесе эмоциялық түсіндірмелерге тәуелді болып кеткен кезеңдер болды. Президент тек Қырғыз Республикасының халқына және Конституциясына қызмет етуі тиіс. Ешқандай жеке байланыстар, бұрынғы еңбектер немесе бейресми келісімдер оның анты мен жауапкершілігінен жоғары тұра алмайды», — деді Байсалов.
Оның айтуынша, кемелденген саяси қоғам ретінде біз ең маңызды мемлекеттік мәселелерді екі адамның жеке қарым-қатынасына теліп жібермеу керек.
«Сонымен қатар, соңғы жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде — Үкіметте де, жергілікті деңгейде де — белгілі бір теңгерімсіздік пайда болғанын мойындауымыз қажет. Мемлекеттік қауіпсіздік органдарына жекелеген функциялардың шамадан тыс шоғырлануы салдарынан кейбір өкілдер өздерін заңның құралы емес, тәртіп орнату ұранын жамылып, өкілеттіктер шегінен шығатын құрылым ретінде қабылдай бастады. Соның нәтижесінде қоғамда қорқыныш пен қудалау атмосферасы қалыптасты. Бұл мәселе азаматтық қоғам, кәсіпкерлік орта және жастар тарапынан орынды сынға ұшырап отыр.
Біздің тарихымызда заңдылық пен құқықтық нормаларды қатаң сақтау саяси мақсаттылықпен алмастырылған кезеңдер болған. Заң үстемдігі қағидаты бұзылған кезде, конституциялық мемлекеттің негізі шайқалады.
Қандай ізгі ниетпен ақталса да, жіберілген артық кетушіліктер Конституциямыздың рухына сай келмейді. Қырғыз Республикасы — құқықтық мемлекет. Әрбір азаматтың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға және қамтамасыз етуге міндетті. Белгілі бір органдарға тән емес өкілеттіктерді беру және институционалдық теңгерімсіздік кезеңі өткеннің еншісінде қалуы тиіс. Біз әр орган өз функцияларын қатаң белгіленген шеңберде орындайтын кемел құқықтық мемлекетке қарай қадам басуымыз керек.
Қазір біз бүкілхалықтық сайлаумен сайланған президент Садыр Жапаровтың төңірегіне топтасып, заңдылықты, конституциялық тәртіп пен орнықты тұрақтылықты нығайту бағытын қолдап, Қырғызстанның болашағы үшін басталған істі жалғастыруымыз қажет», — деп түйіндеді Байсалов.
Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен 10 ақпанда босатылған. Ізінше оның үш орынбасары қызметінен кетті.
Тәшиев ел есінде несімен қалды
Қамшыбек Тәшиев бұған дейін Қырғызстан парламентінің депутаты болған, бірқатар оппозициялық қозғалыстарға жетекшілік еткен. Әртүрлі кезеңдерде билікпен ашық текетіреске де барған. Осы арқылы қоғамда танымалдығы артты әрі қатал, ымыраға келмейтін саясаткер ретінде қалыптасқан.
Кейінгі жылдары ол министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Бұл кезеңде шекара қауіпсіздігі, қылмысқа қарсы күрес, жемқорлыққа қарсы науқандармен тығыз байланысты болды. Оның бастамалары бір жағынан қолдау тапса, екінші жағынан қоғамда қызу пікірталас туғызған.
Ең үлкен резонанс тудырған оқиға – 2023 жылы Қамшы Көлбаевтың жойылуы. Осыдан кейін комитет ұйымдасқан қылмыстық топтың талқандалғанын және мемлекетке 350 млрд сомнан астам қаражаттың қайтарылғанын мәлімдеді. Тәшиев елде «смотрящийлер енді жоқ» екенін, бизнестің қылмыстық қысымнан босатылғанын сол тұста мәлімдеді.
Тәжікстанмен шекара бойынша келіссөздерді басқарып, даулы учаскелердің басым бөлігі бойынша келісімге қол жеткізді. Сондай-ақ Өзбекстанмен шекараны реттеуде, оның ішінде Кемпір-Абад мәселесінде де шешуші рөл атқарды.
Оның тұсында жемқорлық үшін көптеген шенеуніктер ұсталды, есірткі трафигі мен контрабандаға қарсы күрес күшейтілді. Қолданылған әдістер қоғамда бір жағынан қолдау тапса, екінші жағынан сынға да ұшырады.
Қамшыбек Тәшиев 2022 жылы Қырғыз Республикасының Батыры атағын алды. Ұзақ уақыт бойы президенттің ең жақын одақтасы әрі биліктегі ықпалды орталықтардың бірі саналды.