Жаңаөзен қаласындағы ауруханада ер адам терапевт-дәрігерге пышақпен шабуыл жасаған. Алған жарақаты салдарынан дәрігер көз жұмды. Оқиғадан кейін күдікті өз еркімен полицияға берілген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға жайлы журналист әрі қоғам белсендісі Айсулу Дүтбаева хабарлады. Оның айтуынша, шабуыл 28 қаңтар күні шамамен сағат 14:00-де болған. Дәрігердің әріптестері қанша күрескенімен, пышақталған адамды аман алып қала алмаған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Жаңаөзенде пышақ жарақаты салдарынан 29 жастағы ер адам қаза тапқан.
«Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал ер адамдар арасында отбасылық-тұрмыстық себептермен шыққан. Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған қылмысын мойындады», – деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.
«Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.