Ерекше

Жаңа Салық кодексі қабылданса, елде 300 мыңға жуық компания жабылуы мүмкін

Ескі Салық кодексі бизнестің жаппай бөлшектенуіне және статистиканың бұрмалануына әкеп соққан, деп хабарлайды Tizgin.kz Bes.media-ға сілтеме жасап.

МИНИСТРЛІК СӘТСІЗ САНАҒАН ТӘЖІРИБЕ

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін 300 мыңға жуық кәсіпорын өз жұмысын тоқтатуы мүмкін екенін айтты. Бұл нақты жұмыс істеп тұрған бизнестің қысқаруы емес, салықтан жалтару үшін құрылып, «бөлшектеу» тәсілін қолданған жалған компаниялардың жабылуы болатын көрінеді.
Әмриннің сөзінше, жабылуға ең алдымен бірнеше бөлікке жасанды түрде бөлінген, яғни салықтық жеңілдіктерді алу немесе ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуден жалтару мақсатында құрылған бизнес субъектілері ілігеді.

«Бизнестің жабылатыны белгілі. Бірақ жабылатын – сол бөлшектенгендер. Өйткені енді бұған не заңды негіз, не құқықтық мүмкіндік болмайды», – деп түсіндірді вице-министр.

Бұған дейін компаниялар ҚҚС бойынша 83 млн теңгелік шекке жеткен соң, өзге салық режиміне өтпеу қамымен басқа заңды тұлға ашып, амалдаған. Министрлік мәліметінше, мұндай тәжірибе бизнес субъектілерінің жаппай бөлшектенуіне және елдегі статистиканың бұрмалануына әкелген.

КӘСІПКЕРЛЕР ЕНДІ ӘУРЕГЕ ТҮСПЕЙДІ

Жаңа Салық кодексінде кәсіпкерлер ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмей жұмыс істей алатын бірыңғай шекті табыс көлемі 2,35 млрд теңге болып белгіленген. Әмриннің айтуынша, бұл жаңалық «бөлшектеуді» экономикалық тұрғыдан мағынасыз етеді және бизнесті бірігуге ынталандырады.

«Енді кәсіпкерге бірнеше фирма ашып, әуреге түсудің қажеті жоқ. Бірігіп, бір заңды тұлға ретінде жұмыс істесе, жағдай бұрыңғыдан тиімді бола түспек», – деді ол.

18 шілде күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойды. Бұл – соңғы онжылдықтардағы ең ірі фискалдық реформалардың бірі саналады. Құжат қабылданар алдында бірнеше ай бойы қызу пікірталастар өтті. Қазақстанның ірі салалық қауымдастықтары мен кәсіпкерлер үкіметке өз алаңдаушылықтарын білдіріп, жобаны қайта қарауды сұраған. Алайда үкімет мәселені кейінге қалдырған жоқ.

Бизнес өкілдері кодекстің қазіргі редакциясы кәсіпкерлік белсенділікке кері әсер етіп, әкімшілік қысымды күшейтіп, жемқорлық тәуекелдерін арттыратынын ашық мәлімдеді. Олар кәсіпкерлер тарапынан жүйелі түрде түскен ескертулерді алға тартып, кодексті жетілдіруді ұсынды. Бірақ Үкімет сұрақты кейінге шегере беруді құп көрмеді.

САРАПШЫ НЕ ДЕЙДІ

Сондай-ақ, реформаның басты мақсаттарының бірі – көлеңкелі экономиканың ауқымын азайту. Алайда заңды табыс табу жолдары шамадан тыс қиынға соқса, көз қыстылық амалын іздейтіндер үнемі табылады.

«Жаңа Салық кодексінде бизнес бөлшектеуге (дробление) қатысты нақты баптар жоқ. Алайда жеңілдетілген салық режимінде табыс көлемінің шегі мен ҚҚС бойынша меженің 2,4 миллиард теңгеге дейін ұлғаюы – бизнесті бөлшектеуді 90 пайыз жағдайда экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді. Салық органдары келесі жылдан бастап бөлшектеуге тыйым салатын нормаларды өздерінің қосымша актілерінде нақтылап енгіземіз деп отыр. Қазір көлеңкеге кету қиындады, дегенмен ондай мүмкіндік тапқандар бәрібір тырысып көруі мүмкін», – дейді салық жөніндегі кеңесші Берік Заиров.

БИЗНЕСКЕ БІРІЗДІЛІК ЖЕТІСПЕЙ ПЕ

Ал Қазақстанның Салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Анастасия Макованың айтуынша, елде нақты қандай жағдайлар «бөлшектеу» саналатыны жөнінде нақты критерийлер жоқ.

«Қолданыстағы Салық кодексінде салықтық жүктемені азайту үшін белгілі бір тәсілдерді қолдануға болмайтыны жазылған. Бірақ «бөлшектеу» ұғымының өзі нақты анықталмаған. Ал бұл – өте қажет дүние. Кәсіпкер бөлшектеу деген не, қайсысы оған жатпайтынын жақсылап ұғуы тиіс. Қазір ешқандай заңбұзушылық болмаса да, халық жасқана қадам басады. Мысалы, бір отбасында ағасы мен қарындасы бас-басына бизнес жүргізіп отыр, бірақ ақшаларын араластырмайды. Дегенмен бұл жағдай бөлшектеу ретінде танылуы мүмкін бе, белгісіз», – дейді ол.

Best Solution Research (BSR) компаниясы, Салалық қауымдастықтар альянсы және Салық реформасы жөніндегі сарапшылар тобы жүргізген зерттеуге сәйкес, Қазақстанда адал жұмыс істейтін бизнеске салықтық ауыртпалық өсіп жатыр, ал бюджеттік түсімдер айтарлықтай артпаған. Сарапшылардың айтуынша, реформаның бағыты ынталандырудан гөрі фискалдық қысым жасауға ауысып барады.

Back to top button