Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейгенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тоқаевтың сөзінше, биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінген. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейген.
“Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді. Былтыр 1800-ге жуық “Алтын белгі” иегері педагог мамандығына оқуға түскен. Ал, биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр. Бұл – барлық “Алтын белгі” иегерлерінің 23 пайызға жуығы деген сөз. Мұның бәрі қоғамда ұстаздардың абырой-беделінің арта түскенін аңғартады. Мұғалімнің білігін, мәртебесін көтеру және білім сапасын арттыру үшін басқа да көптеген шаралар атқарылды. Нәтижесі жаман емес. Биыл оқушыларымыз әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан 27 медаль алды”, – деді президент.
Тамыз кеңесінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің құқығын қорғау мәселесіне жеке тоқталды. Оның айтуынша, өңірлерде әкімдіктердің жұмысына мұғалімдерді жегуді қою керек. Бұл мәселені бақылауды ол прокурорларға тапсырды. Сондай-ақ мектептен тыс жерде балалар бір оқиғаға тап болса, мұғалімдер мен директорларды жазалауды қою керек деді президент.
Елде ендігі кезекте Педагог мәртебесі туралы заңға Ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізіледі.