
2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы мақұлданар алдында бүгін өңір депутаттары “өкпесін” тағы айтты. Олардың уәжі бұрынғыдай – бюджеттің ақшасы әділ бөлінсе дейді, деп жазады Tizgin.kz.
АБАЙ ОБЛЫСЫ – КӨШ СОҢЫНДА
Бүгінгі жиында мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов облыстардың біріне қаражат көп бөлінсе, екіншісіне аз бөлінетініне назар аударды. Оның айтуынша, елде инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген облыстардың көш соңында Абай өңірі тұр. Бүкіл республикада инфрақұрылыммен қамту деңгейі 64 пайыз болса, Абай облысында бұл көрсеткіш – 56 пайыз. Абай облысының даму бағдарламасына 2026 жылы бар-жоғы 3,4 млрд теңге қарастырылған. Ал облыс бойынша 2025 жылы қаржыландыру басталған жобаларға 2026 жылы 35 млрд теңге қарастырылмаған. Яғни өңірдегі халық көтерген жол салу, су тарту, мәдени және спорттық нысандарды салу, тағы басқа мәселелер кейінге шегеріледі.
“Ал инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі жоғары өңірлерге Абай облысымен салыстырғанда бірнеше есе көп қаражат қарастырылған. Қазақстан – біртұтас мемлекет. Сондықтан, инфрақұрылым барлық өңірде бірдей қамтылуы керек. Оның үстіне Президенттің жаңадан құрылған облыстарды қаржылай қолдау жөнінде тапсырмасы бар. Сондықтан, неліктен жаңа әдістеме өңірлер арасындағы алшақтықты қысқартуға әкелмей отыр. Кеткен кемшіліктерді жою үшін қандай шаралар қолданылады? Екіншіден, ұсыныс ретінде Премьер-министрден Абай облысына Үкіметтік резервтен қосымша қаражат бөлуді сұраймын”, – деді депутат.
ҮКІМЕТТІҢ ҰСТАНЫМЫ
Бұл сұраққа жауап берген Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутатқа “дұрыс айтасыз” деді, “бірақ” деп өз пікірінде қалатынын көрсетті.
“Біздің мақсатымыз – келесі жылы қаржылық тұрақтылықты қамту. Біраз жыл біз ақшаны үнемдеу керектігін айттық. Сол үнемдеуді бастадық. Келесі жылы тек басталып кеткен және жүргізіліп жатқан жобаларды қаржыландырамыз. Бюджеттің диспропорциясына келер болсақ, 56 пайыз расында да, Абай облысында. Ең жоғарғы көрсеткіш Маңғыстауда – 71 пайыз. Қалаларды есептемегенде… Сондықтан, ол мәселені бір күнде шеше алмаймыз. Оған ұзақ уақыт керек. Келесі үш жылдықта, тағы бір үш жылдықта шешілетін мәселе. Биыл Берік Уәлимен кездестім. Әрине, резервтен ондай өңірлерге көмектесеміз”, – дейді Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, Абай облысына 2025 жылы 251 млрд теңге берілсе, келесі жылы 264 млрд теңге бөлінеді. Сөзінше, қазір инфрақұрылыммен қамту жағынан артта қалған бес өңір бар. Ол қатарда Абай облысынан бөлек, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облысы бар.
“Жалпы Абай облысында резервтен ақша бөліп, аурухана саламыз. Спорт кешені бой көтереді. “Бәйтерек” желісі бойынша Абай облысына пайдасы тиетін жобалар бар. Біздің ірі жобалардың біршамасы Абай облысында болады”, – дейді Жұманғарин.
Үкімет басшысының орынбасарынан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов “не үшін Ұлытау облысына да бюджет қаражаты көбірек бөлінбегенін” сұраған. Жұманғарин “оның бәрі берілген өтінімге байланысты” деп жауап берді.
ҚАЙ ӨҢІРДІҢ ӘКІМІ “КҮШТІ”?
Бүгін Мәжілісте 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы мақұлданған. Оның алдында құжатты талқылау барысында өңірлерге субвенция (қаржы) бөлу мәселесі де қызу талқыға түскен еді. Депутаттардың бірі «біздің аймаққа ақша әділетсіз түрде аз бөлінеді» десе де, жауапты министрліктер мұнымен келісе қоймайды. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, «қай жердің әкімдері күшті – сол басшылар көбірек ақша алып кетеді».
2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, Қазақстанның 17 өңірі субвенция алады. Ең көп қаржы Түркістан облысына бөлінген – 1,1 трлн теңгеден астам. Одан кейінгі орында Қызылорда облысы – 476,7 млрд теңге және Жамбыл облысы – 465,9 млрд теңге. 2025 жылы республикалық бюджеттен өңірлік бюджеттерге берілетін субвенциялар көлемі жалпы 5,7 трлн теңгені құрайды.
Өңірлердің бюджеттен алатын субвенциялары (2025 жыл):
- Түркістан облысы 1,1 трлн теңге;
- Қызылорда облысы 476 млрд теңге;
- Жамбыл облысы 465 млрд теңге;
- Жетісу облысы 386 млрд теңге;
- Ақмола облысы 383 млрд теңге;
- Қарағанды облысы 347 млрд теңге;
- Қостанай облысы 340 млрд теңге;
- Солтүстік Қазақстан облысы 336 млрд теңге;
- Ақтөбе облысы 318 млрд теңге;
- Шығыс Қазақстан облысы 270 млрд теңге;
- Батыс Қазақстан облысы 266 млрд теңге;
- Абай облысы 251 млрд теңге;
- Алматы облысы 203 млрд теңге;
- Маңғыстау облысы 166 млрд теңге;
- Павлодар облысы 146 млрд теңге;
- Ұлытау облысы 59 млрд теңге.