6 желтоқсанда АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында орналасқан 19 мың орындық Frost Bank Center аренасында кәсіпқой бокс кеші өтеді. Кештің тең басты жекпе-жектерінің бірі – орта салмақтағы әлем чемпиондары, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен кубалық Эрисланди Лараның кездесуі болмақ, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Жарияланған афишада үш жекпе-жектің қатысушылары бейнеленген – екеуі тең басты, бірі негізгі. Жәнібек пен Лараның айқасы кештің басты шайқасына дейін өтеді. Чемпиондар арасындағы бұл кездесуден кейін көрермендер бірінші жартылай орта салмақтағы WBC уақытша белбеуі үшін өтетін Исак «Питбуль» Крус пен Ламонт Роучтың жекпе-жегін тамашалайды.
32 жастағы Жәнібек Әлімханұлы (17 жеңіс, 12 нокаут) бұл кеште WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын қорғайды. Ал 42 жастағы Эрисланди Лара (31 жеңіс, 3 жеңіліс, 3 тең, 19 нокаут) – WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы. Жекпе-жек жеңімпазы бірден үш белбеуді – WBA, WBO және IBF чемпиондық титулдарын иеленеді.
Бұл кездесу Жәнібек үшін тарихи болмақ: ол алғаш рет ақылы трансляция (PPV) жүйесіне қосылады. Сондай-ақ бұл – оның мансабындағы әлем чемпионымен болатын алғашқы жекпе-жегі. Сондықтан да Лара, жасы ұлғайғанына қарамастан, Әлімханұлы үшін ең қауіпті қарсыластардың бірі саналады.
Дегенмен бүкіл Қазақстан Жәнібектің жеңісіне сеніп отыр. Оған сенім артқан Top Rank промоутерлік компаниясы да (боксшының АҚШ-тағы серіктесі) жекпе-жекті ерекше насихаттап, жарнамада Лараға арнап: «Қашар жерің жоқ!» деген әсерлі ұран қалдырған.
Егер Жәнібек Лараны жеңсе, оған WBC белбеуін иелену ғана қалады. Бұл жағдайда ол абсолютті әлем чемпионы атағын алу мүмкіндігіне ие болады және келесі қарсыласы ретінде қазіргі абсолютті чемпион — америкалық Теренс Кроуфордпен кездесу өткізуге жол ашылады.