БілімСараптама

Жекеменшік мектептерге мемлекет енді қараса ма – депутаттар пікірі екіге жарылды

Қаражатқа зәру жекеменшік мектептердің басшылары мұғалімдерге айлығын төлей алмай, “жабылғалы тұрмыз” деп дабыл қағып жатыр. Олар Астанаға жиналып, бірнеше күннен бері Оқу-ағарту министрлігі өкілдерімен кездесіп, тығырықтан шығудың амалын таппай әлек. Tizgin.kz порталы осы мәселе жөнінде Мәжілістегі бірнеше депутаттың пікірін біліп көрді.

Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған күні Астанаға жеке меншік мектептердің басшылары жиналып, бәрі де қаржыландыру мәселесін шешуді талап еткен еді. Жиыны 30-40 адам “бүкіл Қазақстаннан келіп тұрмыз” деп, Қаржы орталығы арқылы әр оқушыға айына 60-100 мың теңге аралығында бұған дейін ақша бөлініп тұрғанын айтқан. Алайда бұрын да туындай бастаған қаржыландыру мәселесі биыл оларды тіптен тұралатқан.

Tizgin.kz бұған дейін олардың шағымын тыңдап, Оқу-ағарту бірінші вице-министрінің де жауабын алған еді. 

“ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНДА ПРОБЛЕМА БАР”

Мәжіліс депутаты Нұргүл Таудың айтуынша, Қаржы орталығында проблема бар. Былтырдан бері депутаттар бұл мәселені бірнеше рет көтерген.

Нұргүл Тау

“Ол жерде бір түсінбеушілік бар. Бала көп ауылға “жекеменшік мектеп салыңыздар”  әкімдіктердің өзі ұсыныс беріп салдырған. Мектеп салынып біткеннен кейін Қаржы орталығы “біз төлей алмаймыз” деді. Қаржы орталығы мен әкімдіктердің арасында ешқандай түсіністік жоқ. Ол дұрыс емес. Мектепті салды ма – ауылдың балалары ол мектептерге барып жатыр. Егер дұрыс емес десе, неге сол мектептерге лицензиясын береді? Өз басым бұл дауда жекеменшік мектептерді қолдаймын”, – дейді Нұргүл Тау.

Депутатқа жер-жерден жекеменшік мектептердің басшылары хабарласып, Астанаға келетінін айтқан. Нұргүл Тау бұл бір мектептің ғана емес, бүкіл елдегі жекеменшік мектептердің мәселесі екенін атап өтеді.

“Бұл тек аймақтарға айтып қана қойып отыратын сұрақ емес. Жаңадан келген Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселені шешер деген ойдамын, – дейді ол.

“ЗАҢ ЖАҒЫНАН ПРОБЛЕМА ЖОҚ”

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бір кездері жекеменшік мектептер тым аз, бәрінің саны 20-30 ғана болғанын айтады. Апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу үшін мемлекет жекеменшік секторды жан басына қаржыландыруды жөн көрген. Сол бағытта реформа жасалған. Соның арқасында елде жекеменшік мектептердің саны 800-ге дейін көбейген. Аймағамбетов осы қадам көп өңірде үш ауысымды, апатты мектептердің мәселесін реттеуге көмектескенін айтады.

Асхат Аймағамбетов

“Мектепті салуға 5 млрд теңге жұмсайсың делік. Содан кейін ол мектепті ұстап тұруға, жалақысына, коммуналдық шығындарына да қаражат жұмсалады. Ал жекеменшік-мемлекеттік серіктестікте салғанда мектепті кәсіпкер өз инвестициясымен салады. Яғни, мемлекет оған ақша жұмсамайды. Ал мемлекет тек салынған мектепке серіктестігі үшін беріп отырады. Кезінде бұл тетік орталықтандырылған. Жан басына қаржыландыру министрліктің Қаржы орталығы арқылы республикалық бюджеттен төленді”, – дейді депутат.

Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, 2023-2024 жылға дейін бұл бағытта ешқандай проблема болмаған. Ол кезде ешбір мұғалім “мемлекеттің өз міндеттемесін орындамағаны үшін ақша ала алмай отырғаны” туралы шу шықпаған. Алайда 2024 жылы Үкімет тиісті өзгерістерді енгізіп, қаржыландыруды республикалық бюджет деңгейінен әкімдіктер деңгейіне берген. 

“Яғни, бір емес, 20 бюджетке берген. 20 бюджеттің рәсімдері, мүмкіндіктері, мәслихаттары, басқармалары бар. Жалпы тетіктің бір-екі жыл бұрын өзгергеніне байланысты сол мәселелер туындады. Екіншіден, қаражат толығымен жетіспей де жатыр. Сол трансферттерді бергенде барлық контингентке жетпейтін болды. Соған байланысты жергілікті әкімдіктерге қосымша қаражат табу керек болды. Кейбір әкімдіктер біздің бюджетте бұл қаражат жетпей жатыр деді”, – дейді Аймағамбетов.

Мәжілісмен бұл саясатты айқындайтын Үкімет екенін, заңнамалық тұрғыдан ешқандай проблема жоғын айтады. 

“МЕКТЕПТЕРГЕ СУБСИДИЯ БЕРУГЕ ҚАРСЫМЫН”

Тағы бір депутат Ерболат Саурықов жекеменшік мектептердің бәріне бірдей қаражатты жеткізу мүмкін емес екенін айтады. 

Ерболат Саурықов

“Жекеменшік мектептер осы күнге дейін өзінің мәртебесін айқындап, рейтиңде жоғары балл көрсетсе – оларға не үшін субсидия беру қажет? Менің өзім жекеменшік жоғарғы оқу орнының құрылтайшысымын. Егер аяғынан тік тұрған оқу орыны болса не үшін субсидияға тәуелді боламыз? Егер шын мәнінде, атың шықса, білікті маман дайындасаң, сені бүкіл өңір таныса, балалар өзі-ақ келеді. Субсидияны ауыл шаруашылығына беру керек. Мектептерге субсидия беру дегенге өзімнің қарсылығым бар”, – дейді Саурықов.

Депутат “15-20 жыл бойы білім саласындағы бизнесін жолға қоя алмаған кәсіпкер қашанғы Үкіметтің субсидиясына тәуелді болады, бұл дұрыс емес деп есептейтінін” айтты.

Back to top button