Зеленский Трампқа бейбіт жоспардың жаңа нұсқасын беруге дайын
Украина президенті Владимир Зеленский Киев бейбіт жоспардың жаңартылған нұсқасын әзірлеуді аяқтап, оны жақын күндері Вашингтонға жіберуге дайын екенін айтты. Ол бұл туралы 9 желтоқсанда әлеуметтік желілерде мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.kz-ке сілтеме жасап.
Зеленскийдің айтуынша, украин делегациясы үш күндік Майамидегі келіссөздерден оралған. Онда украин және америкалық тараптар бейбіт жоспар жобасын талқылады.
«Жоспардың украиндық және еуропалық бөліктері мұқият пысықталды. Енді оларды америкалық серіктестерге ұсынуға дайынбыз», – деді Зеленский.
Ол Киевтің бейбітшілікке мүдделі екенін және АҚШ-пен үнемі байланыста отырғанын атап өтті. Бірақ, оның сөзінше, көп нәрсе Ресей позициясына байланысты. Украина президенті кеңсесінің ресми сайтында хабарланғандай, сейсенбі күні Зеленский Римде Папа Римский Лев XIV, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони және Канада премьері Марк Карнимен кездескен.
“УКРАИНАШЫЛ ҰСЫНЫСТАР АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ”
DW мәліметінше, Зеленский АҚШ-тың бейбіт жоспар нұсқасы Украинамен кеңесуден кейін қайта қаралғанын айтты.
«28 тармақ еді, 20-ға азайды. Мүлде украинашыл емес ұсыныстар алынып тасталды», – деді ол Лондоннан Брюссельге бара жатқан жолда.
Алайда, Зеленскийдің айтуынша, шешімі қиын мәселелер әлі де бар, ең алдымен – территорияларға қатысты.
«Украина өз территорияларынан бас тартуға құқылы емес – бұл Конституцияға да, халықаралық құқыққа да қарсы», – деді ол.
ҚҰЖАТ ВАШИНГТОНҒА ЖІБЕРІЛЕДІ
Украина тарапы жоспарды 9 желтоқсанның кешіне дейін толық аяқтап, АҚШ-қа жолдауды жоспарлаған болатын.
Еске салайық, әңгіме – Ресеймен соғысты аяқтау жөніндегі бейбіт жоспар жобасы туралы. 20 қарашада Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінен осы құжаттың алғашқы нұсқасын алған еді. Ол 28 тармақтан тұрды. АҚШ бастапқы нұсқада Қырымды, Донецк пен Луганскіні Ресей құрамында тануды ұсынған.
Зеленскийдің айтуынша, бұл құжат оны «арыны жоғалту мен басты серіктестен айырылу қаупінің» арасында таңдау жасауға мәжбүр еткен.