ГеосаясатЕрекше

Зеленский мен Еуропа көшбасшылары АҚШ-қа бара жатыр: не белгілі

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні Еуропадағы одақтастарымен кездесуге Брюссельге келді, ал дүйсенбіде Дональд Трамппен келіссөздер жүргізу үшін Вашиңтонға барады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы ВВС-ге сілтеме жасап.

Жұма күні Ақ үй басшысы Дональд Трамп Владимир Путинмен Аляскада келіссөз жүргізген. Екі президент нақты келісімге келе алмады. Еуропаның жетекші мемлекеттерінің басшылары Зеленскийді қолдау үшін АҚШ астанасына бірге баратынын мәлімдеді.

Жексенбі таңертең Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен «басқа еуропалық лидерлермен бірге» Украина президенті Владимир Зеленскиймен қатар дүйсенбіде Дональд Трамппен кездесуге Вашиңтонға аттанатынын айтты.

«Президент Зеленскийдің өтініші бойынша мен ертең Ақ үйде өтетін президент Трамппен және басқа да еуропалық лидерлермен кездесуге қосыламын», — деп жазды фон дер Ляйен Х желісінде.

Күннің екінші жартысында Брюссельде Зеленский мен фон дер Ляйеннің екіжақты кездесуі өтті. Оның қорытындысы бойынша екеуі де баспасөз мәслихатына шықты.

Зеленский тағы да Еуропа қолдауының маңыздылығын және Украинаның Америкамен еуропалықтармен бірге сөйлесіп отырғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ Вашиңтонның Украинаны қолдап отырғаны маңызды, ал бірнеше форматта одақтастар нақты қандай мәселелер талқыланатынын шешпек.

Зеленскийдің айтуынша, шынайы келіссөздер қажет және олар қазіргі майдан шебі өткен жерде басталуы мүмкін. Бұл мәселелерді тек Украина, Ресей және АҚШ президенттерінің үшжақты кездесуінде талқылау керек, алайда Мәскеу әзірге «мұндай кездесу өтетініне ешқандай белгі беріп отырған жоқ». «Егер Ресей бас тартса, жаңа санкциялар енгізілуі тиіс» деді ол.

Зеленский сондай-ақ Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері керектігі туралы да айтты. Бұл кепілдіктерді беру мүмкіндігі жөнінде Трамп Аляскадағы кездесуден кейін сөз еткен, бірақ Зеленскийдің сөзінше, әзірге олардың қалай жұмыс істейтіні түсініксіз.

«Бізге кепілдіктердің іс жүзінде жұмыс істегені керек — дәл НАТО жарғысының бесінші бабы сияқты» деді ол. Қауіпсіздік кепілдіктерінің бір бөлігі ретінде Украинаның Еуроодаққа мүше болуы да қарастырылады.

Өз кезегінде фон дер Ляйен АҚШ президентінің Украинаға НАТО жарғысының бесінші бабына сәйкес жеңілдетілген кепілдіктер беруге қатысуға ұмтылысын құптады.

Сонымен қатар ол халықаралық шекараларды күш қолдану арқылы өзгертуге болмайтынын еске салды. «Бұл шешімдерді тек Украина қабылдай алады — Украинадан басқа ешкім емес. Және бұл шешімдер Украинасыз келіссөз үстелінде қабылданбауы тиіс».

Фон дер Ляйен атап өткендей, қан төгіс жалғасса, Еуропа Ресейге санкциялық қысымды жалғастыра береді.

Алайда мұның бәрі бұрыннан айтылып келеді: мұны Зеленский де, еуропалық лидерлер де бұрын да бірнеше рет айтқан. Сұрақ — Дональд Трамптың ұстанымы қалай өзгергенінде және ол Аляскада президент Путинмен кездескеннен кейін Зеленскийге не ұсынбақ? Сұрақтың төресі осы.

МӘМІЛЕДЕН БАС ТАРТУ

Ресей президентімен сөйлескеннен кейін Ақ үй басшысы уақытша бітімге қол жеткізу идеясынан бас тартып, бірден ұзақмерзімді бейбіт келісім жасауға ұмтылуды ұсынды.

Путинмен келіссөздерден кейін Трамп енді атысты тоқтатуды қолдамайтынын және одан кейін бейбіт келіссөздер жүргізу жоспарын ұстанбайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар бірден тұрақты бейбітшілікке әкелетін келісімге келуі тиіс.

БАҚ деректеріне сәйкес, Ресей президенті қайтадан барынша қатаң талаптар қойған. Олардың ішінде украин әскерін Донецк пен Луганск облыстарының бүкіл аумағынан әкету, майдан шебін басқа учаскелерде бекіту, Киевтің НАТО-ға кірмеуіне кепілдік беру және Украинадағы орыс тілінің мәртебесін нығайту бар. Украина мұндай талаптарды қабылдауға болмайды деп санайды.

Бұған дейін AFP агенттігі анонимді дереккөздерге сілтеме жасап, Аляскадағы кездесуде Ресей президенті «Украина Донбастан бас тартуы керек деген талап қойғанын» және «Трамптың оны қолдауға бейім екенін» хабарлаған.

Америкалық Axios басылымының деректеріне қарағанда, Путин Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерінің мүмкіндігі туралы да айтқан (бұл жөнінде ол кездесу соңындағы қысқа баспасөз мәлімдемесінде де ишара еткен), бірақ әлеуетті кепіл ретінде Қытайды атаған. Бұл оның әлі де болса Украинаға Батыстың қауіпсіздік кепілдіктеріне қарсы екенін білдіруі мүмкін.

Бұған дейін Трамп АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктеріне қарсы болған және оларды Украинамен сирек кездесетін металдар жөніндегі келісіммен алмастыруға болады деп есептеген. Алайда Путинмен кездесуден кейін АҚШ президенті Зеленский мен еуропалық лидерлерге қоңырау шалып, Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге қатысуға дайын екенін хабарлаған, деп жазды Bloomberg өз дереккөздеріне сілтеме жасап.

ВАШИҢТОНҒА КІМДЕР БАРАДЫ

Фон дер Ляйеннен бөлек, саммитке Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания және Финляндия лидерлерінің қатысатыны қазірдің өзінде белгілі.

Германия канцлері Фридрих Мерцтің ресми өкілі дүйсенбі күні оның Украина президенті Владимир Зеленский мен Дональд Трамптың Ақ үйдегі кездесуіне қатысу үшін Вашиңтонға баратынын мәлімдеді.

Франция президенті Эммануэль Макрон мен Финляндия президенті Александр Стуббтың кеңселері де бұл саясаткерлердің Дональд Трамппен кездесу үшін Вашингтонға баратынын растады.

Ұлыбритания үкіметі елдің премьер-министрі Кир Стармер еуропалық лидерлер делегациясына қосылатынын хабарлады.

Кездесуге Италия премьер-министрі Джорджия Мелонидің де қатысатынын оның кеңсесі мәлім етті. Мелони Трамппен тығыз жеке қарым-қатынасын сақтап отыр — әрі оның инаугурациясында болған жалғыз еуропалық лидер еді. Ол Трампқа идеялық тұрғыдан жақын «Италия бауырлары» ұлттық-консервативтік партиясын басқарады және сонымен бірге Украинаның қызу жақтаушысы саналады.

НАТО баспасөз қызметі де альянс бас хатшысы Марк Рютте Вашиңтонға аттанатынын растады.

Back to top button