Зеленский Путинмен Қазақстанда кездесуге дайын екенін мәлімдеді
АҚШ-қа ресми сапары барысында Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Оның ойынша, мұндай кездесу Қазақстанда да өтуі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz Inforburo.kz-ке сілтеме жасап.
КЕЛІССӨЗ ҮШІН ҚАЙ ЕЛДЕР ҚОЛАЙЛЫ
Зеленский мұны Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты. Сөз арасында журналист бейтарап ел аумағында келіссөз өткізу мүмкіндігі жайлы сұрағанда Зеленский бірнеше мемлекетті атады.
“Трамптың командасы да, менің командам да, еуропалықтар – соның ішінде Макрон мен өзге де көшбасшылар, Түркия президенті, яғни барлық тарап Түркияда, Сауд Арабиясында, Катарда, Австрия мен Швейцария секілді бейтарап еуропалық елдерде кездесу өткізуді ұсындық. Біз тіпті: ‘Егер сіздер қаласаңыздар, мәселен, Қазақстанда да кездесейік’ дедік. Біз бұған дайынбыз. Бар айтпағымыз – осы”, – деді Зеленский.
Сондай-ақ ол халықаралық серіктестердің қатысуымен ғана келіссөздер жүргізуге дайын екендерін баса айтты.
Еске салайық, бұған дейін, қыркүйек айында Владимир Путин Зеленскийге Мәскеуде кездесуді ұсынған болатын. Алайда Украина президенті бұл ұсынысты бірден “ақылға сыймайды” деп қабылдамаған.