«Зейнетақыңызды әпереміз»: БЖЗҚ алаяқтар барын ресми түрде ескертті

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтарды алаяқтардан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қордың ресми хабарлауынша, әлеуметтік желілерде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін алуға төмен пайызбен “көмек” көрсету туралы жалған хабарландырулар жаппай таралып жатыр.
Алаяқтар сенімді арттыру үшін «БЖЗҚ мен уәкілетті операторлардың логотиптерін» пайдалануда. Осыған байланысты Қор бірнеше маңызды ескерту жасады:
«Төлемдерді алу тек заңмен қатаң белгіленген жағдайларда ғана мүмкін», – деп ескертеді БЖЗҚ.
«Зейнетақы төлемдерін ресімдеу үшін ешқандай делдалдың көмегі қажет емес, қызмет комиссиясыз жүргізіледі».
Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге немесе емделуге мақсатты пайдалану тек екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылатыны айтылған. Ал БЖЗҚ өз қызметі үшін комиссия алмайтынын, барлық төлемдер қатаң түрде заң аясында жүргізілетінін ресми түрде мәлімдеді.