Ерекше

Зейнетақы қорынан жинақтарды заңсыз шығарды деген 11 күдікті қамауға алынды

Қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған, деп хабарлайды Tizgin.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

ТЕКСЕРІС ӘЛІ БІТКЕН ЖОҚ
Қаржылық мониторинг агенттігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-дан азаматтардың жинақтарын заңсыз шығару деректері бойынша стоматологиялық клиникалардың басшылары мен өзге де адамдарға қатысты тергеп-тексеруді жалғастыруда.

Зейнетақы жинақтары стоматологиялық қызметтер көрсету туралы формальды шарттар жасасу және кейіннен жалған медициналық құжаттар ұсыну арқылы шығарылғанын еске саламыз. Аталған көмек үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерінде заңсыз сыйақы ұстап отырған, – делінген ақпаратта.

Мәлім болғандай, қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған. Жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат шығарылған.

Қылмыстық жолмен алынған табыстарға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алып, сондай-ақ жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан. Он бір күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды, ал үшеуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, – деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.

КҮДІКТІЛЕР ҚАНША ҚАРЖЫ ҰРЛАДЫ

Сонымен қатар, жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу үшін медициналық мекемелердің дәрігерлері дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың (ДКК) жалған қорытындыларын берген, күдіктілерден алынған қаражаттың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады.

Аталған фактілер бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Бұған дейін хабарланғандай, өз зейнетақы аударымдарын алған азаматтар қылмыстық қудалау аясына түспейді, – деді ресми өкіл.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Back to top button