Зейнетақы 10 пайызға өседі – министрліктегілер есеп-қисабын шығарып қойды
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылар мен зейнетақылардың барлық түрі 10 пайызға өседі, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
МИНИСТРЛІК КЕЛТІРГЕН МЫСАЛ
Алдағы өзгерістерге қатысты егжей-тегжейлі есеп-қисапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынды. Көрнекілік үшін ведомство 2019 жылы зейнетке шыққан 70 жастағы зейнеткердің мысал етті. Егер 2025 жылы оның бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақысы 171 588 теңгені құраса (оның ішінде 50 851 теңге – базалық, 120 737 теңге – ынтымақты зейнетақы), 2026 жылғы өсімді ескергенде бұл сома 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды. Жаңа төлем құрылымы мынадай болады:
- базалық зейнетақы – 60 005 теңге (ең жоғарғы мөлшердің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 118 пайызына дейін көтерілуі есебінен);
- ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге (10 пайыздық индексация нәтижесінде).
Жалпы, 2026 жылдан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге, ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңге болады.
ЖӘРДЕМАҚЫДА ДА ӨЗГЕРІС БАР
Сонымен қатар мемлекеттік жәрдемақылардың да көлемі артады. Атап айтқанда, бірінші, екінші және үшінші бала туған кезде берілетін біржолғы төлем 164 350 теңгені, ал төртінші және одан кейінгі балалар үшін 272 475 теңгені құрайды.
Төрт баласы бар көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы 69 330 теңгеге дейін, ал он баласы бар отбасылар үшін 173 мың теңгеге дейін өседі. Мүгедектік бойынша төлемдер де өзгереді: I топтағы адамдар 111 872 теңге, II топтағылар 89 498 теңге, III топтағылар 61 021 теңге алады.
Зейнетақының өсуі тек жыл сайынғы инфляция деңгейіндегі индексациямен ғана байланысты емес. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясындағы шара. 2023 жылдан бастап елде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғарғысын 120 пайызына дейін кезең-кезеңімен жеткізу жұмысы жүргізіліп келеді. Аталған бағдарлама 2027 жылға дейін жалғасады.