Яна Легкодимованың өлімі: сотталғандар жазамен келіспей жатыр
Яна Легкодимованы өлтіру ісі бойынша сотталғандардың адвокаттары мен қорғаушылары апелляциялық шағымдар беріп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ НЕ ДЕЙДІ
Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір қылмыстық іс апелляциялық саты саналатын облыстық сотқа әлі түспеген. Алайда сотталған тараптың адвокаттары мен қорғаушылары белгіленген тәртіппен апелляциялық шағымдар жолдауда.
Іс материалдары апелляциялық алқаға берілген соң қорғау тарапының уәжі заңда көзделген тәртіппен қаралатын болады.
МӘН-ЖАЙЫ
Еске салсақ, 2025 жылдың қараша айында 24 жастағы Яна Легкодимованы өлтіру ісі бойынша сот үкімі шыққан еді. Сот Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Қатимовты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың күзінде болған. 18 қазан күні Яна Легкодимова Ризуан Қайыржановпен кездесуге кетіп, үйіне оралмаған. Тергеу деректеріне сәйкес, олардың арасында жанжал туындады. Осыдан кейін Қайыржанов танысы Алтынбек Қатимовты шақырып, екеуі қызды өлтіріп, денесін Талдыкөл ауылы маңындағы өзенге тастаған.