XXV Қысқы Олимпиада ойындары: Қазақстан кімдерден үміт күтеді
Үкіметте туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2026 жылы Миланда өқтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Олимпиада ойындары Италияның Милан және Кортина-Д’Ампеццо қалаларында 6-шы және 22-ші ақпан аралығында өтеді. Жарысқа 93 елден 3 000-ға жуық спортшы қатысады. Барлығы 116 марапат жиынтығы ойнатылады. Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласында, ал жабылу салтанаты 22 ақпанда Верона қаласында өтеді.
«Ұлттық команда спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша бақ сынасады. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар. Болжамға сәйкес, ұлттық команданың құрамында 35-ке жуық спортшы болады деп күтілуде. 2022 жылы Пекинде өткен қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын 34 спортшы қорғаған. Қазір Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Сонымен қатар, спортшыларымыз шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды», – деді бүгінгі Үкімет отырысында Ербол Мырзабосынов.
КІМДЕРДЕН ҮМІТ БАР
Министрдің айтуынша, Қазақстаннан баратын спортшылар тізіміне халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетіп, әлем чемпионаттары мен кубоктарында түрлі деңгейдегі медальдарды жеңіп алған спортшылар енген. Олардың ішінде Анастасия Городко фристайл-могулдан жасөспірімдер арасында 2025 жылғы әлем чемпионы, сондай-ақ ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Мәнерлеп сырғанаудан 2025 жылы Михаил Шайдоров әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, әйелдер арасындағы Гран-приде Софья Самоделкина алғашқы тарихи күмісті жеңіп алды.
Шорт-тректен Денис Никиша 2024 жылы әлем чемпионатында тарихи күміс медаль жеңіп алып, бұл жетістігін 2025 жылы да қайталады. Конькимен жүгіруден Евгений Кошкин 2025 жылғы Әлем кубогының кезеңдерінде екі алтын медаль жеңіп алды. 2025 жылғы Азия ойындарында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов фристайл-акробатикадан Қытайдың екі фаворит командасын жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.
ПАРАЛИМПИАДА
Қазір XIV қысқы Паралимпиада ойындарына жоспарлы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жарыстар 2026 жылдың 6-шы және 15-ші наурыз аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Оған 665 спортшы қатысады деп күтілуде, олар 79 медаль жиынтығын сарапқа салады. Ұлттық команда 2 спорт түрінен – пара шаңғы жарысы мен пара биатлоннан қатысуды жоспарлап отыр. Бұл спорт түрлері бойынша 38 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Бүгінге дейін ұлттық команданың 7 спортшысы 10 лицензия жеңіп алған. Олардың қатарында Ербол Хамитов – парабиатлоннан әлем кубогының жалпы есепте жеңімпазы атанған тұңғыш қазақстандық және Хрусталь глобустың иегері, Александр Герлиц – 2022 жылы Пекинде өткен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері.