Неміс қару концерні – Rheinmetall компаниясының бас директоры Армин Паппергер 2026 жылы Украинадағы соғыстың аяқталады деп күтпейді. Оның бағалауынша, Ресей бұған мүдделі емес. Соғыс аясында қару-жарақ концернінің табысы бір жыл ішінде 47%-ға өскен, деп жазады DW.
Германияның қорғаныс саласындағы ірі концерні Rheinmetall компаниясының бас директоры Армин Паппергер Украинадағы соғыс 2026 жылы аяқталады дегенге сенбейді. Бұл пікірін ол 16 ақпанда жарияланған берлиндік Table.Today платформасының подкастында білдірген. Оның айтуынша, Ресей соғысты тоқтатуға мүдделі емес. Осы себепті Паппергер Украинаға көрсетілетін әскери көмекті жалғастыру қажет екенін атап өтіп, компаниясының Киевке қосымша әскери техника жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.
«Біз көптеген бағытта қолдау көрсете аламыз. Қазір келісімшарттарда қарастырылған көлемнен де артық оқ-дәрі өндіріп жатырмыз», – деді ол.
Сонымен бірге кейбір өндіріс бағыттары бойынша қаржыландыру толық шешілмегенін де жеткізді. Концерн басшысы Rheinmetall Украинаға әуе қорғаныс жүйелерін, оқ-дәрілерді және қосымша танктерді жеткізуге әзір екенін айтты.
SIPRI есебіне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысында әлемдегі ең ірі 100 қорғаныс компаниясының қару-жарақ пен әскери қызметтен түскен табысы 5,9 пайызға өсіп, 679 млрд долларға жеткен. Сарапшылар бұл өсімді Ресей мен Украина арасындағы соғыстың жалғасуымен байланыстырады.
2024 жылы Германияның қару өндіруші компаниялары табыс өсімі бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді — 36 пайыз. Бұл көрсеткіш бойынша тек Жапония алда тұр — 40 пайыз. Әлемдік топ-100 тізіміне Германиядан төрт компания енген. Соның ішінде Rheinmetall 8,2 млрд еуро көлеміндегі әскери сатылым табысымен (жылдық өсім — 47 пайыз) жалпы рейтингте 20-орын иеленді.