Вице-президент кәсіпкер немесе депутат бола алмайды – министр
Жаңа конституциялық норма лауазымның деполитизацияланған мәртебесі мен билік сабақтастығы тетігін көздейді, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
МИНИСТР НЕ АЙТТЫ
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Қазақстанда вице-президент лауазымын енгізуге қатысты Конституция нормаларын түсіндірді. Оның айтуынша, негізгі заңның тиісті бабында бұл қызметке арнайы шектеулер мен функционалдық міндеттер айқындалған.
Ұсынылып отырған нормаларға сәйкес, вице-президент өкілді орган депутаты бола алмайды. Өзге ақылы қызмет атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға және саяси партиялар мүшесі болуға тыйым салынады, – деді министр.
Ерлан Сәрсембаевтың сөзінше, бұл талаптар Конституцияда жоғары лауазымды өзге де тұлғаларға қойылған шектеулермен едәуір ұқсас. Ол мұндай талаптар вице-президент лауазымының деполитизацияланған әрі кәсіби сипатын қалыптастыруға бағытталғанын жеткізді.
ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТТІҢ МІНДЕТІ НЕ
Ерлан Сәрсембаевтың түсіндіруінше, вице-президент мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдің сыртқы өкілдігін қамтамасыз етеді. Биліктің негізгі институттарымен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ азаматтық қоғаммен, ғылыми, мәдени және сараптамалық қауымдастықтармен диалогты дамытуға атсалысады. Бұл өкілеттіктер базалық сипатқа ие және қажет болса, президент тарапынан нақтылануы мүмкін.
Вице-президент лауазымын енгізудің басты артықшылықтарының бірі ретінде министр мемлекеттік билік тұрақтылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуді атады. Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, елді уақытша басқару вице-президентке өтеді. Бұл, оның айтуынша, барлық билік институтының үйлесімді жұмысын сақтауға мүмкіндік береді.
Егер вице-президент президент өкілеттігін қабылдай алмаса, бұл міндет құрылтай төрағасына жүктеледі. Ал ол да мүмкін болмаған жағдайда, мемлекет басшысының өкілеттігі премьер-министрге өтеді, – делінген мәліметте.
Министрдің нақтылауынша, президент өкілеттігін қабылдаған адам бір мезгілде вице-президент ретіндегі өкілеттігін тоқтатады. Ал вице-президенттің өзі жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті легитимділікке ие жария лауазымды тұлға ретінде қарастырылады.