Венесуэланың уақытша президенті мәлімдеме жасады
Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес Николас Мадуро ұсталғаннан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Родригес бүкіл әлеммен, АҚШ-пен бейбітшілікке және бейбіт қатар өмір сүруге берік екенін растаған. Елі сыртқы қауіп-қатерсіз, өзара құрмет пен халықаралық ынтымақтастық жағдайында өмір сүруге ұмтылатынын, жаһандық бейбітшілік әрбір мемлекеттің ішкі тыныштығын қамтамасыз ету арқылы қалыптасатынына сенетінін жеткізген.
“Біз АҚШ пен Венесуэла, сондай-ақ Венесуэла мен өңірдің өзге елдері арасындағы егемендік теңдігі мен ішкі істерге араласпау қағидаттарына негізделген теңгерімді әрі сыйластыққа құрылған халықаралық қатынастарды дамытуды басымдық деп санаймыз. Дипломатиямыз осы ұстанымдарды бүкіл әлеммен қарым-қатынаста басшылыққа алады. АҚШ үкіметін халықаралық құқық шеңберінде бірлескен дамуға бағытталған ынтымақтастық бағдарламасы аясында бізбен әріптестік орнатуға шақырамыз. Бұл қоғамдастықтың берік әрі тұрақты қатар өмір сүруін нығайтуға мүмкіндік береді.
Президент Дональд Трамп, біздің халықтарымыз да, аймағымыз да соғысқа емес, бейбітшілік пен диалогқа лайық. Бұл әрдайым президент Николас Мадуроның үндеуі болған және дәл қазір бүкіл Венесуэланың ортақ жолдауы да осы. Бұл – мен сенетін әрі өмірімді арнаған Венесуэла. Мен барлық ниеті түзу венесуэлалықтар біріге алатын Венесуэланы армандаймын”, – дейді ол.
МАДУРО МЕН ӘЙЕЛІНІҢ ҰСТАЛУЫ
АҚШ әскері Каракасқа соққы жасағаннан кейін Дональд Трамп Венесуэла билеушісі Николас Мадуро мен жұбайы Силия Флоресті «Дельта» арнайы жасағы ұстап әкеткенін мәлімдеді. Венесуэлада төтенше жағдай режимі жарияланды.

АҚШ билігі Мадуроға «наркотерроризм», кокаин контрабандасы және қару сақтауы бойынша ресми айыптар тақты. АҚШ Әділет министрлігінің мәлімдеуінше, Венесуэла президенті «кокаин есебінен қоректенген жемқорлықтың өршуіне өз пайдасы үшін — сондай-ақ билеуші режим өкілдері мен өз отбасы мүшелерінің мүддесі үшін жол берген».
Дональд Трамп әскери операциядан кейін қираған Венесуэланың энергетикалық инфрақұрылымын қалпына келтіруге америкалық мұнай компаниялары миллиардтаған доллар жұмсайтынын мәлімдеді.
«Біз әлемдегі ең ірі мұнай компанияларымызды тартамыз. Олар миллиардтаған доллар жұмсап, қираған инфрақұрылымды — мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіреді және ел үшін табыс таба бастайды», — деді Трамп сенбі күні Флорида штатындағы Мара-Лаго резиденциясында өткен баспасөз мәслихатында.
Венесуэла әлемдегі ең көп дәлелденген шикі мұнай қорына ие мемлекет. Алайда ел мұнай өндіру саласында санкциялар, ескірген инфрақұрылым және басқарудың тиімсіздігі салдарынан елеулі қиындықтарға тап болып отыр.