«Вагнер» сапында Ресей үшін соғысқан Қазақстан азаматы сотталды
Алматыда сот жеке әскери компания «Вагнердің» бұрынғы жалдамалысы Тимур Пралиевке үкім шығарды. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Азаттық.
Сот материалдарына сәйкес, Пралиев «шет мемлекет аумағындағы қарулы қақтығысқа және соғыс әрекеттеріне әдейі әрі заңсыз қатысқан». Үкімге сәйкес, сотталғанның өзінде болған қаражат тәркіленіп, қылмыстық жолмен табылған деп танылды. Сондай-ақ ол Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 20 АЕК (шамамен 145 доллар) төлеуге міндеттелді.
Пралиевтің мүлкі, оның ішінде 5,5 мың доллар, 500 малий франкі және өзге де қаражат мемлекет кірісіне тәркіленді. Банктік карталар, медальдар және марапат туралы куәлік жоюға шешім қабылданды. Тергеу дерегінше, 2022 жылдың күзінде Пралиев «Вагнер» жеке әскери компаниясының қатарына қосылып, бір жылдан кейін Ресей азаматтығын алған және Бахмутты шабуылдауға қатысқан. 2024 жылдың қазан айына дейін ол Украина аумағында Ресей жағында соғысқан, кейін Малиге жіберілген.
2025 жылдың қаңтарында 31 жастағы Пралиевті АҚШ Шекара қызметінің қызметкерлері Мексикамен шекарада ұстады. Ол Рио-Гранде өзенінен өтіп, өзін Қазақстан азаматы деп таныстырған. Қасында екі паспорт — қазақстандық және ресейлік, қолма-қол ақша мен дрон болған, деп хабарлайды америкалық Valley Central телеарнасы.
АҚШ-та Пралиев шекараны заңсыз кесіп өткенін және бұрын «Вагнер» құрамында соғысқанын мойындады. Америкалық сот оны қамауда қалдыру туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, АҚШ Қаржы министрлігі Украинадағы соғысқа Ресей жағында қатысқан «Вагнер» жеке әскери компаниясын «трансұлттық қылмыстық ұйым» деп таныған.