TOP-2Қоғам

Ұзынағашта балаларға діни сабақ өткізген ер адам жазаланды

Алматы облысының Жамбыл ауданында кәмелетке толмағандарға араб тілі мен Құраннан сабақ өткізу дерегі анықталды. Облыстық дін істері басқармасының мәліметінше, сабақ берген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сабақ жеке үй-жайда өткен

Басқарманың хабарлауынша, сабақтар Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы жеке үй-жайда өткізілген. Ер адам балаларға араб тілі мен Құранды заңда белгіленген талаптарды сақтамай үйреткен.

Ведомство жүргізген құқықтық бағалау қорытындысы бойынша, азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы 1-бөлігімен жауапқа тартылған.

Ата-аналарға ескерту жасалды

Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарына да ескерту берілген. Олар бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған.

Back to top button