Жаңалықтар

Үш жасынан домбыра тартқан неміс баласы қазақстандықтарды тәнті етті

Әлеуметтік желіде неміс ұлтының өкілі үш жасынан домбыра тартатын ұлының өнерге деген сүйіспеншілігі туралы әсерлі жазба жариялады. Отбасы баласының талантын дамыту үшін 400 мың теңгеге электродомбыра сатып алған. Ата-ананың қазақтың ұлттық аспабына деген құрметі желі қолданушыларының жылы пікіріне ие болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Threads әлеуметтік желісінде @kombiwagen аккаунты арқылы жарияланған жазбада отбасы Саша есімді ұлының кішкентай кезінен қазақтың ұлттық аспабына ерекше қызығушылық танытқанын айтып берді. Ата-анасының сөзінше, бала үш жасынан бері домбыра тартып келеді. Олар үшін ұлының әрбір орындауы – үлкен қуаныш әрі мақтаныш.

«Баламымыз домбыра ұстағанда жүрегіміз мақтанышқа толады»

Әлеуметтік желі қолданушысы ұлының өнеріне деген сүйіспеншілігін әсерлі сөздермен жеткізген.

«Ұлымыз домбыраны қолына алған сайын жүрегіміз мақтаныш пен қуанышқа толады. Әрбір әуенде оның талпынысы, еңбегі, музыкаға деген махаббаты және жан дүниесінің бір бөлшегі бар», – деп жазды баланың ата-анасы.

Олар Сашаның болашақта үлкен сахналарда өнер көрсетіп, биік жетістіктерге жетуін армандайтынын да жасырмаған.

«Біз сені мақтан тұтамыз, құлынымыз! Қолыңнан домбыра түспесін. Алда әлі талай жеңіс, жетістік пен үлкен сахна күтіп тұрсын. Талантың жыл өткен сайын шыңдалып, армандарың орындала берсін!» – деп жазылған жазбада.

Отбасының айтуынша, Саша домбыраның үніне бала кезінен ерекше қызығып өскен.

«Ол үш жасынан бері домбыраны сүйсіне тартады. Кішкентай кезінен осы ғажайып аспаптың үніне ғашық болды. Ол үшін домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, қазақ халқының мәдениетіне, салт-дәстүріне және жан дүниесіне жақындаудың бір жолы», – дейді ата-анасы.

Баласының қызығушылығын қолдаған отбасы оған ерекше сыйлық жасауды ұйғарған. Ата-анасы құны 400 мың теңге тұратын электродомбыраны несиеге сатып алып берген.

«Біз домбыраны шын жүрегімізбен жақсы көреміз және Сашаның қызығушылығын бар жанымызбен қолдаймыз. Оның талантын дамытып, арманына жеткенін қалаймыз. Сол үшін 400 мың теңгеге электродомбыраны несиеге алдық. Біз үшін бұл жай ғана аспап емес, оның болашағына, талантына және музыкаға деген сүйіспеншілігіне салынған инвестиция», – деп жазды отбасы.

Неміс отбасы қазақ еліне алғысын білдірді

Жазба авторы отбасының Еділ бойы немістерінен тарайтынын да атап өткен. Оның айтуынша, Қазақстан олардың әулетінің тарихында ерекше орын алады, себебі ата-бабаларының тағдыры қазақ жерімен тығыз байланысты.

«Біз – Еділ бойы немістеріміз. Қазақстанға деген құрметіміз ерекше. Отбасымыздың тарихы осы жермен тығыз байланысты. Қазақстан көптеген ата-бабамыз үшін жаңа қонысқа айналды. Олар қиын кезеңдерді бастан өткеріп, осы жерде ұрпағын жалғастырды», – деп жазылған жазбада.

Автор отбасы өз тамырын ұмытпайтынын, тарихын құрметтейтінін және Қазақстанға әрдайым ризашылықпен қарайтынын жеткізген.

«Біз өз тегімізді ұмытпаймыз, тарихымызды құрметтейміз. Жүрегімізде ерекше орны бар Қазақстанға шын көңілімізбен алғыс айтамыз», – деп түйіндеді ол.

«Жүрекпен ойнайды»: желі қолданушылары баланың өнеріне сүйсінді

Неміс отбасының жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының жылы лебізіне ие болды. Пікір қалдырғандар Сашаның домбыраға деген сүйіспеншілігін жоғары бағалап, ата-анасына қазақ мәдениеті мен дәстүріне көрсеткен құрметі үшін алғыс білдірген.

«Қандай керемет бала! Дипломындағы тегіне қарап – неміс екенін түсіндім. Соның өзі көп нәрсені аңғартады! Біздің немістерге рақмет! Әрдайым қазақ халқына, оның салт-дәстүріне құрметпен қарайсыздар. Ата-анасына да, балаға да үлкен рақмет!» – деп жазды оқырмандардың бірі.

Тағы бір қолданушы баланың домбыра тарту мәнеріне ерекше әсерленгенін жеткізген.

«Тіпті денем түршігіп кетті. Әдетте мұндай сезім баланың аспапта жан дүниесімен ойнайтынын білдіреді», – деп пікір қалдырған ол.

Ал тағы бір желі қолданушысы ақ тілегін арнаған.

«Нағыз таза жүректі жігіт өсіп келе жатыр. Домбырамен достасқан адам ерекше азамат болып өседі. Жарайсың!» – деп жазды ол.

Осылайша, неміс отбасының қазақтың ұлттық аспабына деген сүйіспеншілігі мен баласының өнер жолындағы талпынысы әлеуметтік желіде көпшіліктің қолдауына ие болды.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button