ЕрекшеЖаңалықтар

ҰҚК өз құрамына қосылған Антикордың штаты жөнінде ақпаратты ашып көрсетпеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік аз уақыт бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылғаны белгілі. Осыған байланысты Tizgin.kz порталы комитетке бірнеше сауал жолдаған. Жауап жұтаң келді.

Tizgin.kz порталы ресми сауалында ҰҚК басшысы Ермек Сағымбаевтан Антикор қызметі ҰҚК құрамына берілгеннен кейін агенттіктің штаттағы қызметкерлер санына қандай өзгеріс енгізілетінін, қысқартыла ма немесе жаңа қызметкерлер қосыла ма деп сұраған. Одан бөлек, комитетке бірқатар сауал жолданған:

  • Антикордың бұрынғы қызметкерлеріне берілетін әлеуметтік кепілдіктерге өзгерістер енгізіле ме?
  • Антикордың жұмысына, негізгі функциялары мен өкілеттіктеріне қандай өзгерістер енгізіледі? Антикордың бұрынғы аймақтық департаменттері мен бөлімшелері ҰҚК-нің жергілікті құрылымдарына қалай интеграцияланады?
  • Азаматтардың жемқорлық фактілері бойынша арыз-шағым қабылдау, қарау және жауап беру жүйесінде қандай да бір өзгерістер бар ма? Бұл өзгерістерден кейін жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттыру үшін қандай жаңа тәсілдер немесе тетіктер енгізіліп жатыр
  • ҰҚК құрамына алғаннан кейін Антикордың жұмысы бойынша қоғамдық бақылау және ашықтықты арттыру бағытында нақты қадамдар жасала ма?

Алайда біздің бұл сұраққа жүйелі жауап берілген жоқ. Тек қысқаша жауап келді 

“Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті сұрауыңызды қарастырды. Қазір қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастыру рәсімдері жүргізілуде. Қызметкерлер саны туралы мәліметтер таралуы шектелген ақпаратқа жататынын хабарлаймыз. Жауабымызбен келіспеген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген тәртіпте арыздануға құқылысыз”, – деп қысқа қайырды комитет.

Back to top button