Алматы облысында Іле ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Қуат Ақшабаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
ҚАНДАЙ КҮДІККЕ ІЛІНДІ
Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған ақпаратты растады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде шенеунікті ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі өкілдері ұстағаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Бірқатар жарияланымда Ақшабаевтың жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінгені айтылды. Алайда болжамды пара көлемі туралы мәліметтер әртүрлі болды: кейбір деректерде 28 млн теңге делінсе, енді бірінде бұл сома 323 млн теңгеге дейін жеткен.
ҰҚК бұл мәліметтерге қатысты: «Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп қысқа қайырды. Ведомство өкілдері тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтерді жария етуден бас тартты.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ
Ал Іле ауданы әкімдігінде Қуат Ақчабаевтың ұсталғанға дейін өз еркімен қызметтен кету туралы өтініш бергенін хабарлады.
«16 қаңтар күні ол аудан әкімінің орынбасары қызметінен босатылды және қазіргі уақытта бұл лауазымды атқармайды», – делінген әкімдік баспасөз қызметінің хабарламасында.
Әкімдікте бұл жағдай құқық қорғау органдары құзыретіне жататынын атап өтті.
Қуат Ақшабаев Іле ауданы әкімінің орынбасары қызметіне 2025 жылдың қаңтар айында тағайындалған. Бұған дейін ол Есік қаласы әкімінің орынбасары, Рахат ауылдық округінің әкімі, сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.