Ulysmediа Астанада редакция тілшісін полиция ұстап әкеткенін хабарлады
Ulysmedia.kz бүгін Министрліктер үйінің алдына баласынан айырылған ата-аналарға барған редакция тілшісін полиция ұстап әкеткенін хабарлады.
Басылымның жазуынша, оқиғаны сол жерде түсіру үшін барған Ulysmedia.kz журналисін полиция белгісіз себептермен ұстап әкеткен. Жиналған әйелдер қаза тапқан балаларының портреттерін ұстап тұрған. Олардың арасында Алматыда өз үйінің ауласынан асулы күйде табылған мектеп оқушысы Адель Ақанованың анасы Айнагүл Бейісова да бар. Ол қызының өлтірілгеніне сенімді.
Сондай-ақ жиынға Ақнәр Гүлстанның анасы да келген. Оның қызының денесі Алматыдағы тұрғын үй кешенінің терезесінің астынан табылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, қыз жетінші қабаттан құлаған, алайда анасы бұл нұсқамен келіспейді.
Ата-аналар істің әділ тергелуін және кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.