ЕрекшеЖаңалықтар

Ұлыбритания Польшаға Typhoon жойғыш ұшақтарын жібереді

Ресей дрондары Польшаның әуе кеңістігіне басып кіргеннен кейін Ұлыбританияның Typhoon жойғыш ұшақтары НАТО-ның «Шығыс сақшысы» операциясына қатысу үшін сол елге жіберіледі, деп хабарлайды DW.

Ұлыбритания корольдік әскери-әуе күштерінің Typhoon жойғыш ұшақтары НАТО-ның «Шығыс сақшысы» операциясы аясында Польшаның әуе кеңістігін қорғау миссиясына қатыспақ. Олардың міндеті – Ресей тарапынан әуе кеңістігіне төнетін қауіптердің, соның ішінде пилотсыз ұшақтардың (БПЛА) алдын алу. Бұл туралы Ұлыбритания үкіметінің 15 қыркүйек, дүйсенбі күні жарияланған баспасөз хабарламасында айтылды.

Осылайша Ұлыбритания әскери авиациясы НАТО-ның шығыс қапталын күшейтуге бағытталған Германия, Дания және Франция күштеріне қосылады. Лондон бұл қадамға ресейлік дрондардың Польшаның егемен әуе кеңістігіне «қауіпті әрі ойсыз» басып кіруінен бірнеше күн өткен соң барғаны атап өтіледі. Бұл оқиға «қазіргі уақытқа дейінгі НАТО әуе кеңістігінің ең ауқымды бұзылуы» деп сипатталды. Сондай-ақ 13 қыркүйек демалыс күндері Ресей дроны Румыния әуе кеңістігін де бұзғаны айтылды.

Британдық жойғыштар Линкольншир графтығындағы Конингсби Корольдік ӘӘК базасында орналасады. Алдағы күндері олар Польша аспанында ұшуларды бастайды деп күтілуде. Оларға Оксфордшир графтығындағы Брайз-Нортон авиабазасынан Корольдік ӘӘК Voyager жанармай құю ұшақтары қолдау көрсетеді.

Ұлыбритания үкіметі бұл елдің «қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан бергі қорғаныс шығындарының ең ауқымды әрі тұрақты өсімін жүзеге асырып жатқанын» еске салды: 2027 жылдың сәуіріне қарай бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 2,6 пайызына дейін жетуі тиіс.

«Ресейдің ойсыз әрекеттері Еуропа қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді және халықаралық құқықты бұзу болып саналады. Сондықтан Ұлыбритания НАТО-ның «Шығыс сақшысы» операциясы аясында шығыс қапталын нығайтуға бағытталған күш-жігерін қолдай береді», — деді Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер.

Оның айтуынша, Польшаға жіберілетін Typhoon жойғыштары «жай ғана күш көрсетудің құралы емес». «Олар агрессияны тежеуде, НАТО әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және (Ұлыбританияның – ред.) ұлттық қауіпсіздігін қорғауда маңызды рөл атқарады», — деп атап өтті ол.

«Біз әрі қарай да Украинаны берік қолдап, әділетті әрі тұрақты бейбітшілік орнағанға дейін Путинге қысымды күшейте береміз», — деді Стармер.

Back to top button