ЕрекшеЖаңалықтарЭкономика

Ұлттық қордан биыл қаңтарда 450 млн АҚШ доллары алынады

Ұлттық банк 2025 жылғы валюта нарығы жайлы есебінде Ұлттық қордан осы айда қаражат не үшін алынатынын түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ұлттық банктің дерегінше, желтоқсан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 505,73 теңгеге дейін 1,3%-ға нығайған. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір ай ішінде 280 млн АҚШ долларынан 359 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 7,9 млрд АҚШ долларын құраған. Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 525,10 теңгеден 505,73 теңгеге дейін 3,7%-ға нығайды. Сауда-саттықтың жиынтық көлемі жылдық есеппен 15%-ға ұлғайып, 63 млрд АҚШ долларын құрап отыр7

Республикалық бюджетке трансферт бөлуді қамтамасыз ету, сондай-ақ «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырын салу жөніндегі инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыру мақсатында 2025 жылғы желтоқсанда Ұлттық қордан 400 млн АҚШ долларына валюта сатылған. Бұл жалпы сауда-саттық көлемінің 5%-ын немесе күніне шамамен 18 млн АҚШ долларын құрады. Жалпы алғанда, 2025 жылы Ұлттық қордан 8,2 млрд АҚШ долларына валюта сатылған.

«Үкіметтің республикалық бюджетке трансферттерді конвертациялау бойынша алдын ала болжамды өтінімдеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтарда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 350 млн АҚШ долларынан 450 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді. Операциялар аясында желтоқсанда 475 млрд теңге алынды. 2025 жылы айналау операциялары аясында алтын-валюта резервтерінен сатылған валюта көлемі 7 млрд АҚШ долларын құрады», – делінген хабарламада.

Back to top button