ЕрекшеЭкономика

Ұлттық банк базалық мөлшерлемесін көтере ме – сарапшылар болжам айтты

Мамандар ойынша, әзірге инфляцияға қатысты болжам өзгеріссіз қалып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

ТЕҢГЕНІҢ НЫҒАЮЫ НАЗАР АУДАРТЫП ОТЫР 

Halyk Finance сарапшылары 28 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 % деңгейінде сақтайды деп күтеді. Компанияның жаңа шолуында қазіргі макроэкономикалық жағдай мөлшерлемені қатаңдатуды да, жұмсартуды да қажет етпейтіні айтылады. Ал инфляцияға қатысты болжам өзгеріссіз қалып отыр: 2025 жылдың соңында жылдық деңгейі 12–12,5 % шамасында болады деп күтілуде.

«Қазан айында инфляция биыл алғаш рет бәсеңдеді – 12,9 %-дан 12,6 %-ға түсті. Бұған негізінен қызмет түрлерінің қымбаттау қарқынының төмендеуі себеп. ТҮКШ тарифтерін уақытша тоқтату, бірнеше өңірде судың дифференциалды тарифін жою және бензин бағасының өсуін тоқтату өз әсерін тигізді. Осы шаралар қызмет көрсету және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуін тежеді», – дейді сарапшы Алексей Афонский.

Ол сондай-ақ екінші жартыжылдықта Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің азаюы мен теңгенің нығаюына назар аударады. Қазан айынан бері теңге 5,5 % күшейген. Бұл инвесторлар тарапынан сұраныс пен қарыз алу арқылы елге түскен валютаның әсері. Осы факторлар импорттық тауарлар бағасының өсуін шектеді.

ТӨРАҒА НЕ ДЕП ЕДІ

Қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірден 150 базистік тармаққа көтеріп, 18 % деңгейіне жеткізген еді. Бұл соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мұндай шешім инфляцияны бақылауға алу қажеттілігімен түсіндірілді. Қазір нарық осы деңгейге бейімделіп жатыр, сондықтан жуық арада күрт өзгеріс күтілмейді.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляция баяуламаса, мөлшерлемені тағы да көтеруге дайын екенін айтқан. Ол түпкілікті шешім қарашадағы талдау нәтижелері бойынша қабылданатынын атап өтті. Сонымен бірге ол баға тұрақтанғанша қатаң саясат сақталатынын жеткізді.

Айта кетейік, базалық мөлшерлеме жоғары болған кезде несиелер қымбаттап, депозиттер тартымды бола түседі. Бұл инфляцияны тежегенімен, ипотека нарығын тұралатуы мүмкін. Сарапшылар пікірінше, қазіргі жағдайда банктер мемлекеттік субсидияларсыз тұрғын үй несиесін белсенді түрде бере алмайды.

Back to top button