ЕрекшеЭкономика

Ұлттық банк 1,5 млрд теңге сомада доллар сатқалы отыр

Қыркүйекте республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық қордан жарты миллиард доллар сатылған. Қазан айында бұл сома ұлғайтылады, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

ҚАЗАН АЙЫНДА ҚАРЖЫ БӨЛІНЕДІ

Ұлттық банк деректерінше, қыркүйек айында теңгенің долларға қатысты бағамы 1,9%-ға құлдырап, 549,07 теңгеге, яғни бұрын-соңды болмаған деңгейге әлсіреген. Осы аралықта Қазақстан қор биржасындағы (KASE) орташа күндік сауда көлемі 217 миллионнан 248 миллион долларға дейін артты.

Өткен айда елдің “мұнай жинағынан” сатылған 500 миллион доллар республикалық бюджеттің кем-кетігін жабуға және «Талдықорған – Үшарал» магистральды газ құбырының құрылысына бағытталған. Қазанда да осы мақсаттарға Ұлттық қордан қосымша қаражат жұмсалмақ.

Қазақстандық өндірушілерден алтын сатып алу операцияларын айналы түрде көрсету (зеркалирование) аясында Ұлттық банк қыркүйекте қосымша 290 миллиард теңгені айналымнан алып тастады. Дей тұрғанмен жыл соңына қарай реттеуші шетел валютасын нарыққа бұдан да көп көлемде шығаруды жоспарлап отыр.

БАНК ҚАНША КӨЛЕМДЕ ШЕТЕЛ ВАЛЮТАСЫН САТПАҚ

Алтын бағасының айтарлықтай қымбаттауына байланысты айналы операциялар арқылы өтімділікті нарықтан шығару көлемі, алтын сатып алуға байланысты теңге эмиссиясымен салыстырғанда әлдеқайда төмен болып отыр. Жыл басынан бері жиналған, бірақ нарықтан шығарылмаған өтімділікті ескере отырып, төртінші тоқсан ішінде айналы операциялар аясында 1,4 триллион теңгеге баламалы шетел валютасын сату жоспарланып отыр, – делінген Ұлттық банк ақпаратында.

Сондай-ақ, Ұлттық банк қыркүйек айында да, қазан айында да Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) инвестициялық портфелі үшін доллар сатып алмаған және әзірге сатып алу жоспары жоқ.

 

Back to top button