Ұлттық банк доллар бағамын ұстап тұру үшін 125,6 млрд теңге жұмсады
Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҰЛТТЫҚ БАНК НЕ ДЕЙДІ
Ресми мәліметке сүйенсек, шілде айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 540,72 теңгеге дейін, 4%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа айлық көлемі бір айда 235 млн АҚШ долларынан 260 млн АҚШ долларына дейін ұлғайған. Жалпы сауда-саттық көлемі 5,7 млрд АҚШ долларын құраған.
Шілдеде Ұлттық қордан 700 млн АҚШ доллар көлемінде валюта сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуді, сондай-ақ «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу жөніндегі инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордың сату үлесі жалпы сауда көлемінің 12%-ын, немесе күніне шамамен 32 миллион АҚШ долларын құрады. Үкіметтің республикалық бюджетке трансферттер бөлуге арналған алдын ала болжамды өтінімдері бойынша тамызда Ұлттық Банктің Ұлттық қордан 400 млн АҚШ долларынан 500 млн АҚШ долларына дейін валюта сататыны күтіледі, – делінген хабарламада.
ДОЛЛАРДЫ ҰСТАП ТҰРУ АМАЛЫ
Ұлттық банк «теңестіру» операциясы аясында шілдеде 290 млрд теңге алынғанын хабарлайды. Тамыз айында осы мақсатта шамамен 290 млрд теңге баламасында валюта сату жоспарланып отыр.
Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу, сондай-ақ «теңестіру» тетігін іске асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды, ол шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді. 30 шілдеде валюта нарығындағы өтімділік барынша төмендеп, алыпсатарлық қысымның күшеюіне байланысты Ұлттық Банк 125,6 миллион АҚШ доллары көлемінде валюталық интервенциялар жүргізді. Интервенцияларды жүргізу алыпсатарлық белсенділікті төмендетуге және нарықта қажетті өтімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында өткен айдың қорытындысы бойынша валюталық түсімді сату көлемі шамамен 450 млн АҚШ долларын құрады, – делінген ресми мәліметте.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫ
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұзақ мерзімді кезеңде кемінде 40% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк шілде айында биржа сауда-саттығында шетел валютасын сатып алды, оның жалпы сомасы 35 млн АҚШ долларын немесе жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 0,6%-ын құраған. Қазіргі бағам деңгейінде БЖЗҚ валюта үлесінің 40%-дан асуына байланысты тамыз айында БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен валюта сатып алу жоспарланбайды.