Қарағандылық Алика Мұхамадиеваға қатысты әлеуметтік желідегі қазақ ұлтына тіл тигізіп, қоғамда резонанс тудырған жазбасы үшін қозғалған қылмыстық іс сотқа түсті, деп хабарлайды Tizgin.kz КазТАГ-қа сілтеме жасап.
ІС СОТ ҚАРАУЫНДА
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы, 1-бөлігі бойынша (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру) сотқа жіберілді. Бұл бап бойынша айыпталған адамға 2 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, не екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығы шектеледі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазір іс қылмыстық іс бойынша Қазыбек би аудандық сотының судьясы Арғын Құтышевтың қарауында. Негізгі сот отырысы 14 қазанға белгіленді.
Бұған дейін КазТАГ тілшілері Қарағанды облысы полицейлерінің әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде ұлтаралық араздықты қоздыру фактісін анықтағанын хабарлаған болатын. Осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалған.
КЕШРІМ СҰРАҒАНЫ КӨМЕКТЕСПЕДІ
Тергеу нұсқасы бойынша, 22 жастағы қарағандылық қыз Threads әлеуметтік желісінде ұлтаралық араздық белгілері бар жазба жариялаған. Полиция мәліметінше, оны қамауға алу себебі сол, тергеу органдары күдіктінің елден шығып кетпек болғанын анықтаған.
Алика Мұхамадиева – Қарағандыда жеткізу қызметі мен киім дүкені бар кәсіпкер. Ол Threads желісіндегі даулы жазбаларынан кейін қоғам назарында ілікті. Оның мәлімдемелері Қазақстан қоғамында қызу талқыланып, өткір сынға ұшырады. Жағдай ушыға бастаған соң бейнежазба арқылы көпшіліктен кешірім сұрады. Бірақ бұл оның үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатуға себеп болған жоқ.