ЕрекшеСпорт

UFC басшысы Дана Уайттың казиноға қарызы $50 миллионға жетті – БАҚ

UFC ұйымының бас директоры Дана Уайт Лас-Вегастағы Red Rock Resorts казино желісіне $25 миллионнан $50 миллионға дейін қарыз деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Tizgin.kz ua.tribuna.com-ға сілтеме жасап.

КАЗИНО БАСШЫСЫМЕН БҰРЫННАН ТАНЫС

Бұл қомақты берешек негізінен баккара мен блэкджек ойындарында жасалған ірі ставкалармен байланысты. Негізінен Уайт Саммерлин ауданындағы Red Rock Casino Resort-тың тұрақты келушісі.

Алайда осыншама үлкен сомаға қарамастан, казино иелері оның қарызды жедел өтеуін талап етпейтін сияқты. Себебі Red Rock Resorts-тың иесі саналатын Фертитта әулеті мен Уайттың арасында ұзақ жылдарға созылған жеке әрі іскерлік байланыс бар. Аталған әулет Дана Уайтқа UFC-ді 2001 жылы небәрі $2 миллион тұратын жоба ретінде қолға алып, оны $9 миллиардтық спорт империясына айналдыруға көмектескен. Казино тарапынан болған түсіністік себебі осыдан-ақ байқалады.

Дана Уайт бұрыннан ірі көлемде бәс тігетін ойыншы (хайроллер) ретінде танымал. Ол кейде бір кеште-ақ жүздеген мың доллар тігеді, ал мұндай сәттері жиі әлеуметтік желіде жарияланып тұрады. Дегенмен соңғы деректер оның көпшілік ойлағаннан да ауқымды шығындарға ұшырағанын көрсетеді.

Back to top button