Үш ЖЭО-ны салуға ақша таппаған Ресей тарапы Қазақстанда АЭС-ті қалай салғалы отыр
Ресейлік компания Қазақстанда салғысы келген үш жылу электр орталығы жобасынан шығып қалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Tizgin.kz тілшісі Қазақстанның энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтан үш жылу электр орталықтарын Ресей салмаса кім салуы мүмкін екенін үкіметте өткен баспасөз мәслихатында сұраған.
“Ол ақпарат ашық, айтылып жатыр. Басында үш жылу орталығын салу жөнінде үкіметаралық келісім болды. Ресей тарапымен бірігіп саламыз дедік. Сол үш ЖЭО-ны Самұрық-Қазына компаниясының меншігінде болады, тек Ресей қаржыландыру мен мердігер болады деген. Бірақ қазір қаржыландыру мәселесі шешілмеген соң Үкімет басшылығының шешімімен Көкшетаудағы ЖЭО құрылысын Самұрық-Энерго компаниясының өзі салып бастады. Қытайлық тарап дегенге келсек, қазір көмірмен жылыту технологиясының ең үздігі соларда. Сондықтан, қытайлық технологиямен біздің мердігерлер құрылысты бастады, – деді ол.
Есімхановтың сөзінше, Өскемен мен Семейде салынатын екі ЖЭО бойынша жақын арада шешім қабылданады. Оны отандық компания немесе Самұрық-Энергоның өзі салады. Жуықта ол шешім қабылданады.
“Ресейдің Интер РАО” компаниясы сонда бұл жобадан мүлде кете ме?” деген сұраққа Есімханов “иә” деп жауап берді.
Tizgin.kz тілшісі Сұңғат Есімхановтан баспасөз мәслихатынан кейін “үш ЖЭО-ны салуға ақша таппаған Ресей тарапы Қазақстанда АЭС-ті қалай салғалы отыр?” деп сұраған. Есімханов екі жобада екі бөлек компания екенін (Интер РАО мен Росатом) түсіндіруге тырысты. “Бәрібір жоба қаржыға тіреледі ғой?” деген аргументке “сұрақты Атом энергетикасы агенттігіне жолдауды” сұрады.
ҮШ ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ
Ресейлік «Интер РАО-Экспорт» компаниясы Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш жылу электр орталығын (ЖЭО) салуы тиіс еді. Алайда жоба іске аспай қалды. Бұған бірнеше себеп бар. Ең бастысы – қаржыландыру мәселесі. Бастапқыда жобаны Ресей тарапынан жеңілдетілген несие арқылы қаржыландыру жоспарланған. Алайда Ресейдің Орталық банкі негізгі мөлшерлемені 16%-дан 21%-ға дейін көтерген соң, бұрынғы қаржыландыру шарты тиімсіз болып қалды. Бұл жағдай жобаның экономикалық тиімділігін төмендетіп, «Интер РАО» құрылысқа кірісе алмады. Қазақстан Үкіметі енді жобаны өз күшімен жүзеге асыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Ал Қазақстандағы үш АЭС-тің алғашқысы Росатом салатыны бұған дейін хабарланған.